Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

ҰЛТЫН СҮЙГЕН ҰЛ

Ұл таптым деп қалжа жеген ананың басты арманы перзентінің елінің кәдесіне жарағанын көру. Сол күннен бастап, кішкентай шарананың бойына әкенің қанымен дарыған, ананың мейірлене берген ақ сүтімен ұлтына деген шексіз сүйіспеншілік дари беретін секілді. Олай дейтінім, жат жерде жүрген қазақ баласының ойына  өз ұлтына деген ыстық махаббат қайдан келді. Мұны неге айтып отырмын. Жуырда спорттың ауыр түрі, жұдырықпен тағдыры шешілетін «UFC» ережесіз жекпе-жекте қазақ баласының мерейі үстем болды. Барлығымыз қуандық, шаттандық. Риясыз көңілімізді білдіріп, бөркімізді аспанға аттық. Онда қара баланың жеңгеніне емес, Көк туды көтеріп шыққанына мақтандық. Иә, бұған дейін сол бір шаршы алаңға қазақтың шапанын киіп шыққан сары баланың ісіне де ішіміз жылып, қол соққан едік. Енді міне, қара баланың талабына сүйсіндік. Сөзім дәлелді болсын, анықтап айтайын.

Темір торлы сегіз бұрыштың ішінде жұдырықтасатын спорттың түрі «UFC» тұжырымы бүгінде елді елең еткізетін, күллі әлем көз тіге қарайтын спортқа айналып кетті. Бір елдің, күллі ұлттың намысын көтеріп, қан жоса болып шайқасатын мықтылардың төбелесі спортшының ғана емес, бір мемлекеттің абыройын көтеріп тастайтын мәртебеге ие. Естеріңізде болар қыркүйектің ішінде Ресейден дағыстандық Хабиб Нұрмағанбетов деген батыр ирландық Конор Макгрегорды сабасына түсіргенде бүтін Ресей халқы жарылып кете жаздап еді. Хабибтің жеңісіне біз де қол соғып, исі мұсылман баласы, былайғы қойғанда нағыз рухы мықты ержүрек спортшы деп шынайы бағамызды беріп едік. Бірақ ол ұлты басқа болса да Ресейдің туын көтеріп шықты. Ал менің айтпағым сол Хабибтің төбелескен тордың ішіне тұңғыш рет қазақ баласы барды. Бұған дейін шаршы алаңда, бозкілемде, татамиде күрескен қазақ балалары болған. Ал спорттың «UFC» тұжырымына аяқ басқан тұңғыш қазақ бұл. Ол кім? Ол – Орынборда дүниеге келген Дамир Исмағұлов. Сонымен алғашқы қазақ баласы «UFC-ға» өтті деп бір қуандық. Тәуелсіз Қазақстанның спортшысы болмаса да қазақ ұлтының өкілі деп тілеулес болдық. Әрине, Орынбор Қазақтың алғашқы астанасы болғанымен бүгінде Ресейдің құрамында. Біз тілеулес болған Дамир ұлтының сүйіспеншілігіне қалай бөленді?  Әрине, топқа түскен талай қазақ баласының жеңісіне куә болғанбыз. Ал Дамирдің олардан асқан қандай ерлігі бар дейсіз ғой. «UFC» шарты бойынша Ресейдің спортшысы сол мемлекеттің туын көтеріп шығуы тиіс. Ал Дамир болса, оң қолына Қазақтың Көк туын, сол қолына Ресейдің туын ұстап шықты. Міне, сыртта жүрген бір ұлдың өз ұлтына деген сүйіспеншілігі. Ұлтын сүйген ұл деп қалай атамайсың. Айтқанын істетіп, заңына бағындыратын  «UFC-дің» шартына тосқауыл бола білген Дамирді батыр деп қалай мойындамайсың?! Әйтпесе, бұған дейін әлемнің түкпір-түкпірінен басқа елдің атынан шығып жатқан қаншама спортшы болды. Олардың бірінен ондай ерлікті көрмедік. Осындай қайсарлықты біз Дамирдің бойынан көрдік және ерлігіне сүйсіндік. Бұндай мінез тек қазаққа ғана тән екенін мақтанышпен айта аламыз. Бұл біз көрген бірінші ерлік. Ұлтына деген аса құрметтің Дамирдің бойынан табылғаны жеңіске жетелейтінін ішіміз сезді. Көңілімізді көтеріп, рухымызды асқақтатты. Ентелеген жанкүйер, күллі әлемнің алдында қазақтың Көк туы тағы бір мәрте көтерілді. Иә, Генаның боксында көрген Көк байрақ енді Дамирдің иығында келеді.
Кейбіреу үшін бейтаныс шығар, әйтсе де біразы таниды. Бокс кешінде көргенімен «UFC» спортында алғаш көрулері. Көрсін, көздері қаныға берсін. Ендігі кезекте бір ғана Көк байрақты алып шығатын кез келеді. Дамирдің соңынан талпынып келе жатқан қазақ жастары көп. Дамир солардың алғашқысы болып жол салса, артынан жуан жұдырықты, апайтөс арыстандар әлі шығады. Сонымен елдің мерейін үстем еткен Дамир қарсыласын үш раунд бойы сабады. Айызы қанғанша, ауыр соққыларымен төпелетіп, жанкүйердің көңілін шат қылды. Оларға да керегі сол емес пе?! Тор ішінде өзін еркін сезініп, Ұлы Даланың ұланы атой салды. Қасқыр мінез, қайсар ұл қаймығуды білмеді. Ұрған сайын рухтанып, Абылайлап жауға шапқандай өршелене түсті. Қайраты мен айбатынан қаймыққан қарсыласы бас сауғалауға көшті. Бар ойы мына дүлей күштен қалай құтылсам деген болар. Жанымды қалдыра гөр, есімнен танып қалмасам болғаны деп, басын қорғаумен болды. Осылайша берілген мүмкіндікті мүлт жібермеген Дамир батыр өзінің дебюттік жеңісіне қол жеткізді. Қуан, Алаш баласы! Алғашқының бірі болып октагонға шыққан Алаш баласы жеңіске жетті. Жеңісті жолымен қазақ спортшыларына жол ашты. Төреші Дамирдің қолымен қоса, Көк туды да көтерді. Қолы көкке көтерілгенде Көк байрақ та қоса көтерілді. Әлем көрді, таныды, қанатына күн қондырған қыранның қайдан екенін.  Еркіндік пен ерліктің белгісі төрінде қанатына күн қондырып, әлем көгінде қалықтап кете барды.
Дамир алғашқы жеңісін қазақ жеріне келіп атап өтті. Ол өзінің жекпе-жегіне дейін Алматы, Астана қаласында болып кеткен. Соңғы оқу-жаттығуын қазақ даласында өткізіп, елден аттанған еді. Енді міне, айтулы жеңісінен кейін Қазақстанға қайта келді. Оралға келіп, жарқын жеңісі жайлы жастарға әңгімелеп берді. Ең бірінші тақым қысқан қазақ жұртына алғыс айтудан бастады. Жиырма жеті жасқа дейін 27 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Дамирге оралдықтар үлкен қолдау көрестті. Жастардың алдында шешіле сөйлеген чемпион бар жоспарымен бөлісті. Алда өзінің Отанына оралғысы келетінін де жасырмады. Ол келгенде бос келмей үлкен абыроймен оралсам дейді. Туған еліме келіп, арнайы мектеп ашсам деген арманын жеткізді. Бұл оның қол жеткізсем деген басты арманы. Дамирдің бұл ниетіне біз де тілектес болып, арманыңа жет дегіміз келеді.

Сәйкес жаңалықтар

ФРАНЦИЯ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

bairakkz

Жетісу облысында үш бірдей әлеуметтік маңызды нысан іске қосылды

bairakkz

ШЕТЕЛДЕН КЕЛГЕН БАҚЫЛАУШЫЛАР ШАЛҒАЙ АУЫЛҒА БАРДЫ

bairakkz