Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

ЕЛБАСЫ: «БАҚЫТТЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ ДЕНСАУЛЫҚТАН ТҰРАДЫ»

Спорт тек денені ғана шынықтырып қоймайды. Ол миды тынықтырып, ойлау жүйесін де жақсартады. Ал денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін ғылым әу баста дәлелдеп қойған. Біз бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салауатты өмір салтын ұстанатыны жайлы сөз етпекпіз. 

«Егер бір нәрсені өзгерткің келсе, алдымен өзіңнен баста» деген тәмсіл бар. Елдегі спорттың дамуы үшін де Елбасы бірінші кезекте өзіне мән берді. Осы ерекшелігі бүгінгі күні барлық Мемлекет басшыларына үлгі болды. Уақытының бір бөлігін жаттығуға арнайтын ол тенниске ерекше көңіл бөледі. Аталмыш спорт түріне 40 жастан кейін қызығыпты. Ал жастарды жігерлендіру үшін 2014 жылы Қазақстанға әлемдік жұлдыздар табан тірейді. Испандық теннисші Рафаэль Надаль мен француздық Жо-Вильфрид Тсонга мастер-класс өткізіп, өзара ойын көрсетті. Сапар соңында Надаль Президентке ракеткасын сыйға тартты. Содан бері үлкен тенниске жастардың қызығушылығы ерекше артып, арнайы орталықтар салынды. Жыл сайын Президент кубогы үшін халықаралық жарыстар өтеді.

Елбасы бір сөзінде: «Мен қашанда жастар спортпен көп айналысу керек дегенді жиі айтамын. Біз салған спорттық нысандар жастармен толып тұруы тиіс. Бұл барлығымыз үшін қажет», – деген еді. Осыдан-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың спортқа қаншалықты мән беретінін байқауға болады. Әсіресе, елде онша дами қоймаған түрлеріне көп көңіл бөледі. Солардың бірі – гольф. Ол, тіпті, ТМД аумағында аса танымал емес. Нұрсұлтан Әбішұлының ықпалымен Қазақстанда бұл спорт едәуір даму үстінде.

Алғаш гольф добын Елбасы 1996 жылы соқты. 2015 жылы Астана кубогы үшін ашық турнир өтті. Оған Президент өзі қатысқан еді. Елбасының бұл қызығушылығы әріптестерін де бейжай қалдырмаған. Қазір Ахметжан Есімов, Нұртай Әбіқаев, Тимур Құлыбаев, Зейнулла Кәкімжанов сынды бірқатар азамат осы спорт түрімен айналысып жүр. «Спортшылар – бейбітшілік уәкілі. Олар адамдарды жақындастырады. Спорт мемлекеттің де мүмкіндігін көрсетеді», – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі үлкен мәнге ие.

Күні кеше ғана Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Онда атқа міну мәдениетіне ерекше тоқталған. Сондықтан да ат спортын жаны сүйеді. Жылқыға бала кезден құмар. Талай мәрте ҚР Президентінің кубогына қатысып, кезеңдік жарыстарын тамашалаған еді. «Мұндай халықаралық жарыс Қазақстанда ат спортын дамытуға қуатты серпін береді. Осындай турнирлердің арқасында біздің еліміз әлемдік ат спорты орталығының біріне айналып отыр», – деген сөзі ел есінде. Ал күреспен бала кезінен айналысқан. Оны әкесі Әбіш үйретеді.  Жетістігі де жоқ емес. Украинада оқып жүргенде Украина және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Лев Ежевскийден тәлім алады. Онда классикалық және еркін күреспен қатар айналысқан. 1959 жылы Бүкілодақтық кәсіподақтардың орталық кеңесі турнирінің чемпионы атанған. Осылайша ол спорт шебері атағын алады.

Президент үшін шаңғы спорты да ерекше мәнге ие. Әсіресе, тау шаңғысына қатты қызығушылық танытады. Елбасы тауда шаңғыны алғаш рет 55 жасында тепкен. Шымбұлаққа жиі барып тұрады. Ол бұл спорт түрін ерекше ұнататынын айтады. Сондықтан барлық қазақстандықтарды шаңғы тебуге шақырады. Қазақстанда таулы өлкелер көп болған соң аталмыш спортты дамытуға мүмкіндік мол.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жас кезінен ойнаған спорт түрлерінің ішінде волейбол да бар. Бұл спорттың болашағына Елбасы көп көңіл бөледі. Футболға аса қызығушылық танытпаса да қамқорлық көрсетіп отырады. Бірнеше рет ұлттық құраманың ойындарын тамашалаған еді. Елбасының немересі Айсұлтан Назарбаев кезінде Англияның «Челси» және «Портсмут» командаларының жастар құрамасында ойнаған. Велоспорттан «Астана» командасы әлемге танымал. Елбасы телеарнадан үнемі «Астананың» маңызды жарыстарын тамашалап, қолдау көрсетіп отырады.

Салауатты өмір салтын ұстанатын Елбасы қашанда жастарды спортқа үгіттеп келеді. Осы жылы «Challenge сен басқасың!» атты республикалық акцияға қолдау білдіріп, бейнеүндеу жолдады. Өз сөзінде ол: «Бақыттың 90 пайызы денсаулықтан тұрады. Байлық та, билік те бақыт сыйлай алмайды. Денсаулығы мықты адам ғана бақытты. Мен өмір бойы спортпен айналысып келемін. Сендерді де осыған шақырамын», – деп елдің дамуы спортқа тығыз байланысты екендігін айтқан болатын. Сонымен қатар «Спортты дамыту үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Жыл сайын жаңа нысандар ашылады. Соның арқасында чемпиондар көбеюде», – деген пікірді алға тартты.

Нұрсұлтан Әбішұлы спортпен ғана айналысып қоймай, үнемі газет-журнал оқиды. Ақындық пен сазгерлік қыры тағы бар. Домбырамен әуелетіп салған әні бір бөлек. «Жігітке жеті өнер де аз» деп осындайда айтса керек. Елдің болашағы дені сау ұрпақтың қолында. Елбасынан үлгі алып, өнер, білім, ғылымды тең ұстаған ұрпақ қана елімізді дамыта алады.

Мәулен Әнербай

Сәйкес жаңалықтар

БАҚЫТ ДЕГЕН – ӨМІР СҮРУ БІЛГЕНГЕ

bairakkz

Қазақстанда жыл сайын онкологиядан 300 науқасты емдейтін орталық ашылады

bairakkz

АЛАКӨЛДІҢ КӨКПАРШЫЛАРЫ ӨЗ ТАҢДАЫН ЖАСАДЫ

bairakkz