Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) чемпиондық айқастарға қатысты шешімін жариялады. Нәтижесінде қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов чемпиондық жекпе-жек өткізуге мүмкіндік алды, — деп хабарлайды bairak.kz.
22 ақпан күні Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) орта салмақтағы WBC чемпионы Карлос Адамес британдық Хамза Ширазбен жұдырықтасады. Ал екінші үміткер ретінде қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 КО) тағайындалған. Бұл дегеніміз, екі боксшы арасындағы жекпе-жекте жеңгенімен қазақстандық боксшы жұдырықтасады деген сөз.
Бұған дейін Хамза Шираз Карлос Адаместен белбеуді тартып алатынын және сонан соң IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен (16-0, 11 КО) жұдырық түйістіргісі келетінін айтқан болатын.
Мейірім Нұрсұлтановтың шаршы алаңға шықпағанына бір жылдан асты. Ол 2023 жылғы 17 қарашада чилилік Хулио Аламоспен (16-3, 9 КО) қолғап түйістіріп, төрешілердің ортақ шешімімен жеңіп шыққан болатын.
Фото: ©instagram.com/meiirim.nursultanov