Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

Жарқ етіп, мәңгі сөнген жұлдыз

          Ол Қазақстан халқын әлемге паш еткен бірден бір жан еді. Мәнерлеп сырғанауды бала кезінен жаны сүйген және сол жолдағы қиындықтарына төзе білген. Әлем көгіне жарқ етіп, мәңгі сөнген жан Денис Тен жайлы сыр шерткім келеді.

Шілде айының бел ортасы еді. Сол күнгі ауыр жағдай Қазақстан халқының қабырғасын қайыстырып кетті. Денис Теннің қаза болғаны тек Қазақстан халқын ғана емес бүкіл әлем жарық беретін күнінен айырылғандай күй кешті. Мәнерлеп сырғанау спорты қанатынан қайырылдығандай болды.

Қылмыскерлер көп ұзамай құрықталды. Дегенмен де, Қазақстанда неге ұрлық қарлық көп, неге адамды қасақана өлтіру фактісі жиі тіркеледі. Адамдар сондай қатігез бе? Күдіктілердің ақталуы бойынша “біз оның Денис Тен екенін білмедік”, – дейді. Сонда Денис Тен екенін білгенде өлтірмес пе еді? Адамның жанын алу адамға осыншалық жеңіл ме ? Біз бірін-бірімізді өлтіріп жатсақ қалай бірлігі бекем ел боламыз?

Кішкентай ғана баланың өскенде осыншама жетістіктерге жететінін, өмірі қамшының сабындай қысқа болатынын кім білген? Теледидардың ар жағынан көріп әрқашан мақтаныш етер жанның енді мына өмірде жоқтығы, сымбатты, сүйкімді келген келбетін енді қайтып көре алмайтынымыз, мұз үстінде қуыршақтай болып шыр көбелек айналып, Қазақстанның намысын қарғайтын жанның о дүниелік болып кеткені жанға батады. Кеше ғана ойнап күліп жүрген баланың бүгін жоқтығы, өмір үшін күресуге әл дәрмені болмай, қанды қол қарақшылардың қолынан қаза тапқаны қатты қынжылтады. Денистің өлімінен кейін ажал – адамның жасын,  мәртебесін, арманын, мақсатын елемейтінін ұғындырды.

Денистің көзі тірісінде жасаған жұмыстарын жіпке тізер болсақ жетіп артылады. Балалар үйіне барып, көптеген қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, қаражат бөлген жас жігіттің мейірімділігі шексіз еді. Оны шетелдегі жанкүйерлері “ Қазақ Денис” деп атайтын болған екен. Ол ”Қандай жағыдай болмасын мен әуелі қазақпын не істесем де, не ойласам да барлығын қазақ үшін істеймін ”, – деп айтқан екен бір сұхбатында.

Оның жаттықтырушысы болған Татьяна Тарасова Денисті қайталанбас жан екенін, шығармашылыққа өте бейім болғанын, онымен жұмыс жасағанын бақытқа балайтынын Денис жайлы бір күні естелік күнделік жазғысы келетінін айтты.

Денис тұрған үйге мемуарлық тақта орнатылды. Қолдан келер шарамыз бейбіт күннің батырының атын ардақтау ғана. Олай болса Алматыдағы немесе Астанадағы мұз айдындарына неге спортшымыздың атын бермеске?

Мұз айдында құламаған жанды қара жерге құлаттық. Иә, шындықты мойындамасқа амал жоқ Денис Теннен айырылдық. Оның жүрегі соғуын баяғыда тоқтатты. Өкінішті-ақ, оған жасың ұзақ болсын, Қазақстанның көк байрағын желбіретіп жүре бер деудің орнына жатқан жерің жайлы болсын, жұмақтың төрінен орын алғайсың деуден басқа шарам жоқ. Ол ел үмітін ақтады. Дегенмен де  әлем көгіне жарқ етіп шығып, мәңгі өшпес алаудай болып, бір сәтте сөнген жұлдыздың шығар биігі әлі алда еді.

Сәйкес жаңалықтар

AFC ПРОМОУТЕРЛІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТУРНИР ӨТКІЗУДЕГІ БАСТЫ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ

Ришат

ЛОЗАННА – 2020: ЖҮЛДЕСІЗ ОЛИМПИАДА

bairakkz

ВОЛЕЙБОЛДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

bairakkz