Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

«5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру»: заңсыз неке қиятын имамдар сотталуы мүмкін

Фото: UGC

Мәжіліс депутаты,  Мұрат Әбенов заңсыз діни неке қию мәселесін көтеріп, мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, ресми тіркелмеген діни некелер әйелдер мен балалардың құқықтарының жиі бұзылуына әкеліп отыр. Кей жағдайларда мұндай некелер мәжбүрлі неке мен тұрмыстық зорлық-зомбылықты жасыру құралы ретінде қолданылуда.

«Кәмелетке толмағандарды ұрлағаннан кейін діни неке қиылып, артынша жәбірленушіні отбасыдан қуып жіберетін жағдайлар бар. Мұндай деректер Қызылорда облысы мен Шымкент қаласында тіркелді. Бұған дейін діни қызметкерлерді жауапкершілікке тартуды ұсынғанмын, алайда ол бастамалар қолдау таппады», – деді депутат.

4 ақпанда Қазақстан Парламенті Мәжілісі кулуарында сөйлеген Мұрат Әбенов ресми некеде тұрған ер адамға екінші рет діни неке қию рәсімін өткізетін имамдарға қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы қабылданған жағдайда, бұл бағытта заңнамалық нормаларды қатаңдатуға құқықтық мүмкіндік пайда болады. Бұған дейін мұндай бастамалар заңдық шектеулерге тіреліп келген.

«Дін мемлекеттен бөлек болуы тиіс. Діни рәсімдердің тасасында заңсыз некелерді заңдастыруға жол бермеу қажет. Мұндай жағдайда ең алдымен әйелдер мен балалар әлеуметтік әрі құқықтық тұрғыдан қорғансыз қалады», – деді ол.

Депутаттың ұсыныстарының қатарында:

  • заңсыз неке қиятын имамдар мен басқа да тұлғаларға 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік енгізу;
  • зорлау қылмысын аса ауыр санатқа көшіру және ең жоғарғы жазаны 15 жылға дейін ұлғайту бар.

Мұрат Әбенов жаңа Конституция жобасында неке ұғымы «бір ер адам мен бір әйелдің ерікті одағы» ретінде нақты айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл норма екіұшты түсіндіруге жол бермей, заңды некедегі әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Сәйкес жаңалықтар

Ұлытау облысында терроризмді насихаттаған тұрғын 5 жылға бас бостандығынан айырылды

bairakkz

АРМАН АШИМОВ АЛҒАШҚЫ РАУНДТА ЖЕҢДІ!

bairakkz

Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің атауы осы айда белгілі болады

bairakkz