Астана әкімі Жеңіс Қасымбек көптен бері талқыланып келе жатқан LRT құрылысы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берді, деп хабарлайды bairak.kz.
Әкімнің сөзінше, алғашқы пойыздар елордаға күзде жеткізіледі. Бірақ алдымен тестілеу сынақтары жүргізіледі. Жиында президент елордадағы көлік кептелісі мәселесіне тоқталып, қала әкіміне шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, көлік инфрақұрылымы мен қоғамдық көлікті дамыту мәселелеріне баса назар аударылып отыр. Қалалық маршруттарға күн сайын 1600-ден астам автобус шығады, қоғамдық көлік паркі 45 пайызға жаңартылған.
Сіздің қолдауыңыздың арқасында LRT жобасы мәреге жақындап келеді. Жазда құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Қыркүйекте алғашқы пойыздар жеткізіліп, кейін қарқынды сынақ жұмыстары басталады. Қалада заманауи, жайлы әрі экологиялық келбетті қалыптастыру бойынша белсенді жұмыстар жалғасып жатыр, – деді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.