Әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева ұлы Димаш Құдайбергеннің болашақ жары қандай болуы керек деген сұраққа жауап берді.
Өнер иесінің айтуынша, ең бастысы – екі жастың өзара түсіністігі мен бақытты болуы.
Ең алдымен, Димашқа ұнайтын, бірін-бірі түсінетін жан болса деймін. Міндетті түрде тәрбиелі, білімді, ақылды, адал жар болғанын қалаймын, – деді ол.
Сондай-ақ Светлана Айтбаева жастардың бірге немесе бөлек тұруына қатысты пікірін де білдірді. Оның сөзінше, қазіргі заманда жастарды белгілі бір қалыпқа мәжбүрлеу дұрыс емес.
Әркімнің өз жағдайы бар – жұмыс, оқу. Сондықтан күштеп бірге тұрғызу дұрыс емес. Дегенмен жаңа түскен келін әулеттің тәрбиесін көріп, салт-дәстүрмен танысқаны жөн, – деді әнші.
Ол келіннің туыстармен араласып, қонақ күтіп, отбасы дәстүрлерін үйренуі маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген үйленуге асықпайтынын айтып, мұндай маңызды қадамға үлкен жауапкершілікпен қарайтынын жеткізген. Әнші уақытша сезімге еріп, біреудің тағдырына зиян келтіруден қорқатынын да жасырмаған.
