Қазақстанда шамамен 350 мың азаматтың қарыздары жеке сот орындаушылардың өндірісіне берілген. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары проблемалық несиелермен жұмыс істеу жүйесінде оң өзгерістер байқалған. Бұған дейін коллекторлық агенттіктерге сатылған проблемалық қарыздар саны едәуір көп болған.
Екі жыл бұрын коллекторлар балансында шамамен 700 мыңға жуық борышкер болған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш екі есе қысқарып, 350 мыңға дейін азайды, – деді агенттік төрағасы.
Сонымен қатар, соңғы жылдары коллекторлық агенттіктердің борышкерлермен жұмыс істеу тәртібі қатаңдатылған. Енді олар қарыз алушыларға аптасына үш реттен артық хабарласа алмайды және байланыс тек белгіленген уақыт аралығында жүзеге асырылады. Барлық қоңыраулар міндетті түрде аудиожазбаға тіркелуі тиіс.
Ведомство өкілінің айтуынша, демалыс күндері хабарласу және шамадан тыс мазалау фактілеріне байланысты шағымдар азаймаған, сондықтан байланыс ережелері нақты регламенттелген.
Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда коллекторлық агенттіктерге айыппұл салынып, тіпті лицензиясынан айыруға дейінгі шаралар қолданылуы мүмкін.
Қазіргі таңда Қазақстанда 190-ға жуық коллекторлық агенттік жұмыс істейді. Агенттік басшысы мұндай институт әлемнің көптеген елдерінде бар екенін және оны толық жою мүмкін емес екенін атап өтті.
