Маңғыстау облысының Жастар ресурстық орталығы мамыр айынан бастап республика бойынша жетекші жоғары оқу орындарының өкілдерімен Instagram әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфир жүргізуді бастады. Бұл бастама – өңір түлектеріне мамандық таңдау, ЖОО-ға түсу, мемлекеттік грант иелену мүмкіндіктері жайлы кең әрі нақты ақпарат ұсынуға арналған тұрақты жоба болып отыр, деп хабарлайды bairak.kz.
Эфир барысында мамандықтар туралы мәлімет, қабылдау ережелері, гранттар мен оқу жеңілдіктері секілді маңызды ақпараттар кеңінен қамтылады. Осы уақытқа дейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті сынды бірқатар жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары эфирге шығып, Маңғыстау түлектерінің сұрақтарына жауап берді.
Жоба аясында жиырмаға жуық университетпен тікелей байланыс орнату жоспарланған, ал алдағы шілде айына дейін эфирлер жалғасын табады. Бұдан бөлек, Ақтау қаласында жоғары оқу орындарының ашық алаңдағы жәрмеңкесін өткізу көзделіп отыр. Қазіргі таңда университет өкілдерін Ақтауға шақыру бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Бұл – мектеп түлектері үшін оқу орнын таңдауда таптырмас мүмкіндік болмақ.
Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Бурхандинова тікелей эфир өткізу өңірдегі барлық мектеп түлектеріне септігін тигізіп отырғанын жеткізді.
«Бұл – тек ақпарат тарату шарасы емес, түлектердің болашағына бағыт беретін нақты қолдау деуге болады. Университет өкілдерімен тікелей байланыс – түлектердің сенімді таңдау жасауына мүмкіндік береді. Мұндай іс-шара 2024 жылы да сәтті жүзеге асырылған болатын. Биылғы жоба аясында қамтылатын аудитория мен мазмұн аясы әлдеқайда кеңейді», – деді ол.
Жастар ресурстық орталығы өңір түлектерін алдағы эфирлерді жіберіп алмауға және өз болашағына нақты қадам жасауға шақырады.
Фото: mangystauzhastary.kz