Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
АймақЖаңалықтар

60 жылдық мерейтойын атап өткен Шардараның бүгінгі бет-бейнесі қандай?

Фото авторы - Самат Мырзалиев

Балығы тайдай тулаған, шағаласы шаңқылдаған Шардара ауданына сапарымыз барысында өңірде соңғы жылдары жүзеге асып жатқан бірқатар игі істермен таныстық. Биыл Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Мерейтой аясында аудан әлеуетін арттыру бағытында түрлі салаларда жүйелі жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды bairak.kz.

Қазіргі таңда ауданды армрестлингтен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері, «Шардара Армспорт» клубының негізін қалаушы Арман Қарсыбаев басқарады.

Ауыл шаруашылығы – негізгі тірек

Шардара – егін және бақша шаруашылығына қолайлы аймақ. Жылы климат пен су ресурстарының молдығы жылына бірнеше өнім алуға мүмкіндік береді. Шаруалар әсіресе пияз өсіру мен экспорттауға бейімделген.

Фото авторы — Самат Мырзалиев

«Тұрар» шаруа қожалығы заманауи технологияны пайдалану арқылы жоғары өнімге қол жеткізіп отыр. Қожалықта ерте пісетін «Бонус», орташа мерзімдегі «Камперо», кеш пісетін «Менди» мен «Грандора» секілді пияз сорттары өсіріледі. Сонымен қатар бақша дақылдары да егіледі. Тамшылатып суару технологиясы сәтті енгізілген.

Тұрғын үй құрылысы қарқын алған

Фото авторы — Самат Мырзалиев

Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында соңғы жылдары бірқатар жобалар іске асты:

  • 2023 жылы Шардара қаласындағы №4 шағынауданда 2 қабатты 16 пәтерлі 6 үй пайдалануға берілді (барлығы 100 пәтер).

  • 2024 жылы 64 пәтерлі 32 жеке үй және 60 пәтерлі 3 қабатты көпқабатты тұрғын үйлер сатып алынып, тұрғындарға берілді (барлығы – 124 пәтер).

  • 2025 жылы №4 шағынауданда 5 қабатты 60 пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Қазір 5 қабаттың қабырғалары көтеріліп, құрылыс жүріп жатыр. Пайдалануға 2025 жылдың қазан айында беру жоспарланған.

Балық шаруашылығы – экспорттық бағытта дамып келеді

Ауданның мақтанышы – «Vita» балық шаруашылығы. Бұл кәсіпорын тек Түркістан облысын ғана емес, еліміздің өзге өңірлерін де балық өнімдерімен қамтып отыр.

Фото авторы — Самат Мырзалиев

Шабақтар Шардара су қоймасында өсіріліп, Арал, Зайсан, Балқаш көлдерінен балықтар тасымалданады. Өңдеу цехтарында балық сүйегінен ажыратылып, тұздалып, толық өңделеді, қалдық қалмайды. Бүгінде АҚШ, Израиль, Түркия секілді елдерден тапсырыстар түсе бастады. Кәсіпорында 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан.

Фото авторы — Самат Мырзалиев

«Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа білім ұясы бой көтерді

Фото авторы — Самат Мырзалиев

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде 300 орындық жаңа мектеп салынды. Қыркүйек айында оқушылар жаңа мектеп табалдырығын аттамақ.

Фото авторы — Самат Мырзалиев

Шардара – қол күрестің қара шаңырағы

Шардара десе, ең алдымен ойға келетіні – қол күресі. Бұл спорт түрі аудан атымен тығыз байланысып, Шардара Армспорт клубы арқылы еліміздің ғана емес, әлем аренасында да танымал бола бастады.

Бүгінде «Шардара Армспорт» спорт клубында 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттығып жүр. Ауданнан қол күресі бойынша 113 әлем чемпионы шыққан – бұл көрсеткіштің өзі-ақ өңірдегі спорт деңгейінің қандай дәрежеде екенін дәлелдейді.

Шардаралық жігіттердің әлемдік жарыстарда олжа салуы, сөзсіз, білікті бапкерге тап келгенімен тікелей байланысты. Бұл — Арман Қарсыбаев есімімен байланысты табыс хикаясы. Ол — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері, «Шардара Армспорт» клубының негізін қалаушы.

Арман Романұлы Алматыда спорттық арманын жетілдіріп жүріп, туған еліне келген соң сол жалынды тоқтатпай, ауласынан шағын қол күрес үйірмесін ашқан болатын. Уақыт өте келе сол шағын бастама іргелі спорт клубына айналып, бүгінде елімізге танымал «Шардара Армспорт» клубының негізі қаланды.

Бұл бастаманың қаншалықты кең етек жайғанының айғағы — ауданның бір ғана көшесінен 18 әлем чемпионы шыққан. Бұл – кездейсоқ емес, жүйелі жұмыстың, сенім мен еңбектің нәтижесі.

Сәйкес жаңалықтар

Бекзат Жүсіп Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

bairakkz

Астанада ауқымды бос орындар жәрмеңкесінде екі мың жұмыс орны ұсынылды

bairakkz

Алматыдағы қайғылы жол апаты: Әл-Фараби даңғылындағы «жарысқа» полицияның қатысы бар ма?

bairakkz