Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
АймақЖаңалықтар

Маңғыстау туризм колледжі: Студент саны өсіп, халықаралық серіктестік күшейді

Маңғыстау туризм колледжі соңғы жылдары сұранысқа ие мамандар даярлауда жаңа белеске көтерілді. Колледж директоры Жәния Сармурзина білім беру сапасы, өндірістік тәжірибе, халықаралық байланыстар және алдағы уақытқа жоспарлары жөнінде кеңінен баяндап берді.

Жәния Оңалбайқызы, алдымен колледждің қазіргі ахуалы мен білім алушылар контингенті туралы айтып өтсеңіз.

Соңғы жылдары колледжімізде білім алушылар саны айтарлықтай өсті. Контингент жыл сайын орта есеппен 8 пайызға артып отыр. Биылғы оқу жылында жалпы 1097 студент білім алуда, оның 1062-сі – мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында оқиды. 47 оқу тобы жұмыс істейді. Сонымен қатар, кәсіпорындардың өтінімі бойынша нысаналы гранттар ұсынылып, осы бағытта 246 студент білім алуда. Бүгінде колледж 5 мамандық, 7 біліктілік бойынша мамандар даярлайды. Олардың қатарында «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша «Аспаз», «Кондитер», «Технолог»; «Қонақ үй бизнесі» мамандығы бойынша «Супервайзер»; «Аударма ісі» мамандығы бойынша «Аудармашы»; «Маркетинг» мамандығында «Маркетолог»; ал «Туризм» мамандығында «Туризм менеджері» біліктіліктері бар.

Соңғы жылдары енгізілген жаңашылдықтарға тоқталсаңыз. Сандық технологиялар мен дуальды оқыту қалай жүзеге асуда?

Колледжде оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру мақсатында үш циклдық комиссия, «Жас мамандар мектебі», «Озық тәжірибе мектебі» жұмыс істейді. Жасанды интеллект бағытында семинарлар өткізіліп, педагогтер жаңа технологияларды сабақта тиімді қолдануды меңгеруде. Оқытушыларымыздың біліктілігін арттыру жүйелі жүргізіледі: курстар, тағылымдамалар, тәжірибе алмасу семинарлары тұрақты ұйымдастырылады. Дуальды оқыту – негізгі бағыттарымыздың бірі. Колледж-кәсіпорын-студент арасында үш жақты келісімшарт негізінде оқыту жүргізіліп, студент нақты өндірістік ортада кәсіби дағды қалыптастырады. Қазіргі кезде 404 студент дуальды оқытумен қамтылған. Оның 331-і – «Тамақтандыруды ұйымдастыру», 73-і – «Қонақ үй бизнесі» мамандығында білім алып жатыр. Сонымен бірге оқу процесі EDUS электронды платформасы арқылы цифрландырылған: студент сабақ кестесімен, материалдармен, бағалау жүйесімен онлайн таныса алады.

Колледждің материалдық-техникалық базасы мен кәсіби жарыстарға дайындығы туралы не айтар едіңіз?

Біздің материалдық-техникалық базамыз WorldSkills стандарттарына толық сай келеді. Облыстық деңгейдегі бірнеше кәсіби шеберлік чемпионаттары колледж базасында табысты өтті. Заманауи оқу кабинеттері, өндірістік шеберханалар, практикалық алаңдар қатысушылардың да, сарапшылардың да талаптарына сай жабдықталған. Бұл біз дайындайтын мамандардың деңгейін көтеруге ықпал етеді.

Түлектердің кәсіби даярлығы мен еңбек нарығындағы сұранысы қандай?

Туризм саласы үнемі өзгеріп отыратындықтан, біз тәжірибеге бағытталған оқытуға ерекше көңіл бөлеміз. Студенттер Түркиядағы жетекші қонақ үйлер мен туристік кешендерде алты айлық өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұл – халықаралық стандарттарды меңгеру, шет тілін тәжірибе жүзінде қолдану, қонақ үй бизнесінің құрылымын түсіну үшін үлкен мүмкіндік. Бітірушілер demo-емтихан тапсырады, нәтижесінде түлектердің 82 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.

Өндірістік тәжірибе мен серіктестік желісі қаншалықты дамыған?

Колледж «Aktau Tourism City Ltd» компаниясымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Сонымен қатар, өңірдегі Rixos Water World Aktau, Caspian Riviera Grand Palace, Renaissance by Sulo, Holiday Inn Aktau, Victoria сияқты қонақ үйлер – біздің негізгі серіктестеріміз. «Турист», «Кеттік Груп», «Visit», «Этнотур» сияқты туристік компаниялармен байланысымыз да тұрақты. Маңғыстау облысының Туризм басқармасымен де ортақ жобалар жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ, шағын қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану орындары студенттерге тәжірибеден өтуге кең мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Seowon University университетімен авиациялық туризм мамандығын енгізу бағытында жұмыс басталады.

Оқытушылардың кәсіби деңгейін көтеру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

Колледжде 77 маман қызмет етеді. Оның 16-сы магистр, 5-еуі – педагог-зерттеуші, 16-сы – педагог-сарапшы, 18-і – педагог-модератор. Ұжымымыз халықаралық тәжірибе алмасуға белсенді қатысады. Оқытушыларымыз Францияда өткен WorldSkills-тің 47-ші халықаралық чемпионатында тәжірибеден өтті, Түркияда «кредиттік-модульдік оқыту» бағдарламасы бойынша тағылымдама алды. Мәскеу, Қазан, Анталия қалаларында «Мейрамхана ісі», «Кондитерлік ісі», «Кулинария және сервис» бағыттарында біліктілігін арттырған әріптестеріміз бар. Бір педагогымыз EuroSkills Gdansk 2023 чемпионатына эксперт ретінде қатысты. «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығына қатысты Worldchefs ұйымы арқылы халықаралық аккредитациядан өту жұмыстары басталды.

Алдағы даму бағыттары қандай?

Біз Sungwoon университетімен серіктестік орнатып, халықаралық деңгейдегі қонақ үй және туризм мамандарын даярлау бағдарламаларын енгізуді бастадық. Tekville Education орталығымен жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу бағытында келісім жасалды. Жақында Seowon University-мен меморандумға қол қойылып, академиялық ұтқырлық пен бірлескен жобаларды дамытуға жол ашылды. Облыстық хакатондар, «Ағылшын тіліндегі Маңғыстау туризмі» олимпиадасы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Стартап жобаларының орталығы жұмыс істейді, «El Travel» туристік агенттігі ашылды. Әсіресе, экотуризм – алдағы дамытатын негізгі бағыттардың бірі. Сондай-ақ, «StartEdu» жобасы қолға алынбақ, ол студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға бағытталады.
Алдағы мақсатымыз – халықаралық серіктестікті кеңейту, жаңа мамандықтар ашу, туризмді цифрландыру, экотуризмді ілгерілету және еңбек нарығына қажет білікті мамандар даярлауды жалғастыру.

Әңгімеңізге рахмет.

Сәйкес жаңалықтар

Ауа-райы тағы салқындайды

bairakkz

Көлік министрі еліміздегі ең нашар жолды көлікпен жүріп өтті

bairakkz

Белбеу күресінен Әлем чемпионы

bairakkz