Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы «Манашы бөбекжайының» әдіскері Жадыра Мұханбердиева – мектепке дейінгі білім саласына шынайы жанашырлықпен келген маман.
Ол өз қызметін күнделікті жұмыс деп емес, балалық шаққа жол ашатын үлкен жауапкершілік деп қабылдайды. Әдіскерліктің мәні білім сапасын арттыру, тәрбиешілерді қолдау, олардың өз кәсібіне деген сенімін нығайту десек, Жадыра Тұржанқызының еңбегі осы міндеттердің бәрімен үндес.
Бөбекжайдағы жұмыстың бағыты көп: оқу-тәрбие процесін жетілдіру, педагогтардың кәсіби деңгейін көтеру, жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу, ата-анамен тығыз байланыс орнату. Кейіпкеріміз осы салада талмай ізденіп, жаңалыққа құмар маман ретінде ұжымға серпін беріп келеді. Әр ай сайын тәрбиешілермен жеке жұмыс жүргізіп, олардың жетістігін саралап, алдағы қадамдарын бірге белгілейді.
Жадыра Тұржанқызының бастамасымен бөбекжайда семинарлар, шеберлік сағаттары, тренингтер жиі өткізіледі. Мұндай шараларда тәрбиешілер өз тәжірибесін ортаға салып, бір-бірінен үйренеді. Инновациялық жобалар да шет қалмайды: жаңа тәсілдер, заманауи ойын үлгілері, балалардың қызығушылығын арттыратын шығармашылық бағыттар тәжірибеге енгізілуде. Әдіскер дайындаған әдістемелік құралдар мен көрнекіліктер педагогтарға үлкен көмек.
Бөбекжайдағы тәрбие-білім беру үдерісі баланың табиғи даму қарқынына сүйенеді. Жадыра Тұржанқызының пікірінше, бала ең алдымен ойын арқылы өседі, ойын арқылы әлемді таниды. Сондықтан әрбір ұйымдастырылған іс-әрекетте танымдық, тілдік, қимыл-қозғалыс, көркемдік бағыттар қатар қамтылады. Кіші жастағы балаларға оқу мазмұны қысқа әрі жеңіл болуы керектігін үнемі ескертіп отырады.
Ата-аналармен жұмыс та маңызды бағыттардың бірі. Ашық есік күндері, кеңес беру кездесулері, түрлі серіктестік жобалар – бәрі де бала дамуына ортақ қолдау көрсетуге негізделген. Ерекше білімді қажет ететін балаларды назардан тыс қалдырмай, арнайы жұмыстарды да жолға қойған.
Жадыра Мұханбердиева үшін нағыз жетістік – ұжымдағы өзгерістер, тәрбиешілердің жаңа әдістерді сеніммен қолдануы, балалардың дамуындағы оң нәтиже. Бөбекжайда жыл сайын бірнеше семинар ұйымдастырылып, аудандық және облыстық деңгейде іс-тәжірибе таратылады. Осындай жетістіктердің бәрі жүйелі еңбектің жемісі.
Өз жолын қарапайым тәрбиешіліктен бастаған Жадыра Тұржанқызы бүгінде тәжірибелі әдіскер ретінде танылып жүр. Ізденіс пен жауапкершілікті қатар ұстанған маман үшін әдіскерлік – тек қызмет емес, жүрек таңдауы. «Мен үшін ең үлкен марапат – әріптестерімнің қуанышы, балалардың шат күлкісі», – дейді ол.
Білім саласына деген бейіл мен бейім, адалдық пен еңбекқорлық адамды биіктетеді. Жадыра Мұханбердиеваның еңбегіне қарап, осы сөздің шындығына тағы бір көз жеткізесің.
