Кішкентайынан кітап арасына жапырақ салуға, гербарий жасауға, табиғатпен сырласып, тіршілік тынысын бақылауға құмар болып өсті. Әр жапырақтың, әр өсімдіктің өз өмірі, өз тарихы барын сезетін де сенетін. Балалық шақтағы осы нәзік қызығушылығы кейін оны өміріне өзек болған биология ғылымына жетеледі.
Бүгінде Айымгүл Сүлейменқызы – Қарақия ауданындағы №11 мектептің биология пәнінен сабақ беретін жас та талапшыл ұстаз. Жеті жылдан астам уақыт ішінде ол оқушылардың ғылымға деген оң көзқарасын қалыптастырып, биологияны тек пән емес, құбылысты танудың кілті ретінде жеткізіп келеді. Санаты – педагог-сарапшы.
Айымгүл мұғалімнің сабағы – тәжірибе алаңы. Ол бірінші минуттан-ақ оқушыларды зерттеуге жетелейді, сұрақ қоюға, бақылауға, нақты нәтижеге ұмтылуға баулиды. Әсіресе экология тақырыбындағы шағын зерттеулер оқушылардың ойлау жүйесін жаңа арнаға бұрды. Әр сабақта АКТ құралдары, бейнематериалдар, цифрлық симуляциялар қолданылады. Соңғы уақытта оқушылар жасанды интеллект арқылы иллюстрациялар жасап, өз жобаларына визуалды материал әзірлеуді үйренді. Бұл әдіс бүгінгі заман талабына сай креативті ойлауды қалыптастырып келеді.
Айымгүлдің ұстаз ретіндегі ең үлкен жетістіктері – оқушыларымен жүзеге асырған екі ірі жоба. Оның біріншісі – ғылыми бағыттағы гидропоника зертханасы. «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жеңіп алып, мектепте нағыз зертхана ашты. Топырақсыз өсірілген жасыл өскіндер – балалардың жаңа ғылымға көзін ашқан ерекше тәжірибе. Бұл зертхана ғылыми жоба емес, оқушылардың сенімін оятқан, олардың «Мен де ғылым жасай аламын» деген жігерін күшейткен орынға айналды.
Екінші бастамасы – «Eco-key» экологиялық жобасы. Мұнда балалар өздері жинаған пластик қақпақшалардан экобрелоктар жасап, қайта өңдеудің маңызын тәжірибе арқылы түсінді. Бұл жұмыс қарапайым көрінгенімен, жасөспірімдерге үлкен тәрбие берді: табиғатты қорғау үлкен жауапкершілік екенін санасына құйды.
Айымгүл жетекшілік ететін «Ecotech» тобы аудандық та, облыстық та сайыстарда жүлде алып, мектеп беделін асқақтатып жүр. Ұстаз үшін содан асар жетістік бар ма?
Ол үшін жақсы ұстаз – оқушы жүрегіндегі ұшқынды байқап, оны алауға айналдыра алатын жан. Биология «тірі ғылым» болғандықтан, оны тірі күйінде жеткізе білу керек. Айымгүл Сүлейменқызы осыны терең түсінеді. Сондықтан ол оқушысын зертханадан да, табиғаттан да, күнделікті өмірден де жауап іздеуге жетелейді.
Бос уақытында ол өз білігін арттыруды әдетке айналдырған. «Маңғыстау жастары» парақшасындағы рухани даму сабақтары мен пайдалы кездесулерге жиі қатысады. Сол кездесулерден алған ой, жаңа мотивация оның сабақтарынан, сөйлеу мәдениетінен, шәкірттерге деген ерекше мейірімінен анық сезіледі.
Айымгүл Сүлейменқызы – бүгінгі күннің жаңа тұрпатты ұстазы. Өз кәсібінде сүйіспеншілік пен шығармашылықты, экология мен технологияны, тәрбие мен білімді үйлестіре білген ұстаз. Ол ашқан гидропоника зертханасы да, іске асырған экожобалары да – ертеңгі саналы ұрпақтың табысты қадамдарына жасалған берік негіз.
Жас ұстаздың тындырымды еңбегі мен биік ұстанымы оның әр оқушысының жүрегінде табиғатқа деген құрметті, ғылымға деген қызығушылықты оятып келеді. Айымгүлдің өзі айтқандай, «Жақсы биолог – тіршілікті түсіндіретін адам». Ал өзі осы жолдағы миссиясын нақты да айқын атқарып келеді.
