Адвокат Аянхан Омаровтың айтуынша, Шымкент қаласының полиция департаменті марқұм Нұрай Серікбайға қатысты «сталкинг» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі уақытта алдын ала тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
« Иә, растаймын. Шымкент қаласы полиция департаменті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша Нұрай Серікбайға қатысты «сталкинг» фактісімен қылмыстық іс тіркеді», — деді адвокат.
Еске сала кетейік, «сталкинг» туралы бап Қазақстанда 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қолданысқа енгізілген. Егер ауырлататын мән-жайлар болмаса, заңда мынадай жазалар қарастырылған:
- 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл;
- 200 сағатқа дейін түзеу жұмыстары;
- 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
- 50 тәулікке дейін қамауға алу.
Қанды оқиға 11 қаңтар күні Шымкент қаласында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті Нұрайды аңдып, артынан қуып жетіп, бірнеше рет пышақтаған. Ауыр жарақат алған қыз оқиға орнында көз жұмды. Полиция мәліметінше, күдікті мен марқұм бір-бірін бұрыннан таныған.
Бұған дейін қызды өлтірді деген күдікке ілінген Шерхан Аймаханның қазан айының басында Нұрайды Алматыдан Шымкентке өз үйіне алып кеткені хабарланған. Кейіннен Нұрайды жақындары полицияның көмегімен алып кеткен.
Аталған оқиғаға қатысты бейнематериалды тергеу барысында қызметтік салғырттық дерегі бойынша жұмыстан босатылған бұрынғы полиция қызметкері жариялаған. Бұл туралы «Жетінші арна» хабарлаған.
Сондай-ақ, жақында әлеуметтік желіде Нұрай Серікбайдың видеосы тарады. Онда марқұм жас жігітпен өз еркімен кеткенін айтқандай көрінеді. Бұл бейнежазбаның оның қаза болуынан бұрын түсірілгені белгілі болды. Марқұмның отбасының адвокаты аталған жағдайды тергеу құпиясының бұзылуы деп бағалады.
Айта кетейік, күдікті 15 қаңтар күні қамауға алынған. Ішкі істер министрлігі аталған істің тергеуі ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында бұл оқиғаға байланысты Шымкент қаласының полиция департаментінде тексеру жүргізілетінін айтты. Сол күні департамент басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның орынбасарлары қызметтерінен босатылды.
