ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Роллан Есмағанбетов “24KZ” телеарнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасында қазіргі су тасқыны қаупі туралы ақпарат берді.
Оның айтуынша, елде су тасқыны қаупі бар 15 елді мекен бар және бұл қауіп сейілмеген. Батыс өңірде жауын-шашын мөлшері орташа деңгейден артық болуы мүмкін, сондықтан жағдай қатаң бақылауда ұсталады. Роллан Есмағанбетов:
“Тасқын болмайды деп арқаны кеңге салуға болмайды. Дайындықты күшейтіп, мәселелерді жан-жақты талқылау керек” – деді.
Қауіпті аймақтар
8 облыста су тасқыны қаупі бар деп белгіленген, жалпы 272 елді мекен қауіпті аймаққа кіреді.
- Қызыл аймақта: Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысы
- Сары аймақта: Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Абай облыстары
ТЖМ өкілі сонымен қатар алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды:
“Атқарылған істер ауқымды. Соның арқасында су басу қаупі бар 1242 елді мекеннің 272-сі қалып отыр. Бірақ бұл 272 елді мекеннің барлығы су басады деген сөз емес, тек қауіп бар деген сөз. Ауа райы мен жауын-шашын деңгейі бақыланады. Қазір болжам бойынша 15 елді мекенде нақты қауіп бар” – деді Роллан Есмағанбетов.
Қазірдің өзінде Солтүстік Қазақстан облысына Алматы облысынан құтқарушылар жасағы барды. Олар Қызылжар ауданы мен Заречный кентінде бөгеттерді нығайтып жатыр. Биыл өңірде тоң қалың болғандықтан, еріген қар суының топыраққа тез сіңуі қиындық тудырады. Синоптиктердің болжамы бойынша, өзен-көлдердегі су деңгейі сәуірдің басында қар еруіне байланысты көтеріле бастайды.
Су тасқынына дайындық
ҚР ТЖМ жеке құрамынан:
- 39 мыңнан астам адам
- 12 мыңнан астам техника
- 5 мыңға жуық су айдау және 701 жүзу құралы
- 35 сорғы жылжымалы станция
2025 жылы министрлікке 842 арнайы техника, 27 катер, 683 су сору құрылғысы сатып алынған.
Көктем басталғалы ТЖМ 205 елді мекеннің үстінен 29 рет тікұшақпен барлау жүргізген. 218 ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратымен 583 рет ұшу жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, ел бойынша 547 гидротехникалық нысан жөндеуді талап етеді, оның 47-сі 2025 жылы жөндеуден өткен.
