Бірнеше күннен бері Қазнетте Құрбанәлі Ахмет Ишанның журналист Жанар Байсеміз берген сұхбатындағы екінші әйелге қатысты пікірі көп талқыланды. Алматы полициясы желі қолданушыларының наразылығын тудырған видеоға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Сұхбат барысында Құрбанәлі Ахмет Ишан «өзін тыңдамаған екінші әйелін шәкіртіне үйлендіріп жібергенін» айтқан. Бұл видео үзіндісі таралғаннан кейін полиция материалды зерделеген.
Алматының мемлекеттік органдары жүргізген тексеруде сұхбат Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін пікірлерге толы деп анықталды. Полицияның хабарлауынша, бұл қоғам санасына кері әсерін тигізетін мәлімдеме болып саналады.
Осы негізде Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы Құрбанәлі Ахмет Ишанға Әкімшілік кодекстің 490 бабы бойынша 216 мың теңге көлемінде айыппұл салған. 490 бабына сәйкес, осындай пікір айтқан немесе материал әзірлеген жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
Сондай-ақ басқарма бұл азамат Мүфтияттың мүшесі емес екенін мәлімдеді. Өз тарапынан Алматы полициясы журналист Жанар Байсеміз-ге де 490 бапқа сәйкес айыппұл салған.
