Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
АймақӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтарОқиғалар

Абай облысында 64 ауылға су басу қаупі бар

Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысы аумағындағы 64 елді мекенге көктемгі су тасқыны қаупі төніп тұр. Қазіргі таңда бұл ауылдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарға сай атқарылып жатыр. Су басу ықтималдығы бар аумақта 42 мыңнан астам адам тұратын 64 елді мекен орналасқан. Соның ішінде 22 ауылда қауіп деңгейі айтарлықтай төмендетілген.

Мамандардың айтуынша, гидрометеорологиялық болжам ескеріле отырып, елді мекендер мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын қорғауға бағытталған алдын алу және инженерлік шаралар кешені жүзеге асырылуда.

Қазгидромет болжамына сәйкес, биыл көктемде Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма және Көкпекті аудандары жоғары тәуекел аймағына кіреді.

Инженерлік жоспар аясында 28 іс-шара орындалған. Бұдан бөлек, жоспардан тыс 33 шақырым қорғаныс бөгеттері жөнделіп, елді мекендер маңында 8 шақырым қорғаныс үйінділері тұрғызылды. 14 шақырымға жуық арық жүйесі тазартылып, автожолдар мен теміржолдардың астына 25 қосымша су өткізу құрылғысы орнатылды. Өзендердің қауіпті учаскелерінде 21 шақырым жағалау бекітіліп, 8 шақырым арнада түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген.

Ертіс пен Үбі өзендерінде профилактикалық жару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы учаскелер белгіленген. Сондай-ақ гидрологиялық жағдай мен гидротехникалық нысандардың жай-күйіне тұрақты бақылау жасалып отыр.

20 ақпанда аталған өзендерге тікұшақпен әуеден мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде өзендердің толықтай мұз жамылғаны, жағалау маңында су басу немесе мұз үстіне судың шығу деректері тіркелмегені анықталды.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, су тасқыны кезеңіне қажетті материалдық-техникалық қор жасақталған. Атап айтқанда, 12 мың тонна инертті материал, 112 тонна жанар-жағармай және 45 мың дана қап дайын тұр. Қажет болған жағдайда 1 400-ден астам адам, 550-ден астам техника, 30 жүзу құралы мен 170 су айдау құрылғысы жұмылдырылады. Қазавиақұтқару АҚ-ның Ми-8 тікұшағы да тұрақты дайындықта.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, өңірдің су тасқыны кезеңінен қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар толық көлемде жалғасады. Жағдай тұрақты бақылауда.

Айта кетейік, 27–28 ақпан күндері азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын тексеру мақсатында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.

Сәйкес жаңалықтар

Танымал әнші концерт кезінде сахнада көз жұмды

bairakkz

Алматы метросындағы қайғылы оқиға: “Абай“ бекеті уақытша жабылды

bairakkz

Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын қабылдады

bairakkz