Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов театр және кино актрисасы Гүлжамал Қазақбаеваны Халық әртісі атағын алуымен құттықтады. Өнер иесі жүрекжарды лебізін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
Нұрғали Нүсіпжанов құттықтау сөзінде Гүлжамал Қазақбаеваның қазақ театр және кино өнеріне қосқан зор үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, актриса шығармашылық жолында аянбай еңбек етіп, адал еңбегі мен талантының арқасында өнердің биік белесіне көтерілген.
«Халық әртісі атағың қайырлы, құтты болғай, қарындасым! «Бұтақ иілсе, әлсіз екен деме, жемісінің көптігінен иіледі. Адам иілсе, маған мұқтаж екен деме, тек сені құрметтегендіктен иіледі», – деген екен Мөңке би бабамыз… Өнердегі 70 жылымда менің амандығымды, ел-жұрт алдындағы абыройымды Алладан жүрекпен тілеген бір жан болса, ол – театр және кино актрисасы Гүлжамал Қазақбаева дер едім», – деп жазды ол.
Сондай-ақ әнші актрисаның кино мен театр саласында ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп келе жатқанын айтып, оның өнердегі орны айрықша екенін жеткізді.
«Әділдік салтанат құрып, Халық әртісі атағын алғаныңа шын қуандым, қалқам. Табан ақы, маңдай теріңмен, адал еңбегіңмен өнердің өрін бағындырғаныңа жан-жүрегіммен қуандым. Мемлекеттік ең жоғарғы марапатың қайырлы, құтты болсын, қарындасым», – деді Нұрғали Нүсіпжанов.
Өнер иесі құттықтауында Гүлжамал Қазақбаевамен туған жері Жетісу өңірі арқылы байланысы бар екенін де атап өтті. Ол актрисаны бала күнінен танитынын айтып, оның өмірде талай қиындықты еңсерсе де, өнерден қол үзбей, адал қызмет етіп келе жатқанын жазған.
Гүлжамал Қазақбаеваның Халық әртісі атағына ие болуы – қазақ театр және кино өнері үшін маңызды оқиғалардың бірі болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
