Халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан әлі күнге дейін Қазақстанға экстрадицияланған жоқ. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан Арданды ұстап беру туралы сұрауды Түркияға 2019 жылы жолдаған. Кейін Түркияның құқық қорғау органдары оны іздестіру жұмыстарын жүргізген.
2025 жылдың мамырында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Талғат Арданның Антальяда ұсталғанын хабарлаған болатын. Сол жылдың 9 мамырында Анталья соты оны Қазақстанға депортациялау туралы шешім шығарған. Алайда содан бері экстрадиция мәселесі әлі толық шешілмеген.
Бас прокуратураның түсіндіруінше, қазіргі уақытта Түркия тарапы Қазақстанның ресми сұрауын қарауды жалғастырып жатыр.
Қазақстан мен Түркия арасындағы құқықтық көмек және адамдарды ұстап беру туралы келісімде мұндай өтініштерді қараудың нақты мерзімі белгіленбеген. Сондықтан мәселе Түркияның ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады, – деп хабарлады ведомство.
Осылайша, экстрадиция процесінің нақты қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.
Еске салайық, 2023 жылы Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты LRT ісі бойынша Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарған еді. Екеуі де бюджет қаражатын жымқырды және ысырап етті деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Кейін, 2024 жылғы қарашада Арданға қатысты тағы бір үкім шыққан. Сот оны қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп танып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға соттады.
Айта кетейік, көп жылдан бері талқыланып келе жатқан «Астана LRT» жобасын іске қосу 16–17 мамырға жоспарланып отыр.
