Халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық кәсіпкер Азамат Қапенов өзіне тағылған айыптарды теріске шығарып, әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялады.
Ол «Қазақстаннан қаржы жымқырып, шетелде жасырынды» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, барлық айыптауларды жоққа шығарды.
Кәсіпкердің айтуынша, оның отбасына тиесілі «Евротрансгрупп» компаниясы Қытаймен шекарадағы Достық станциясында ірі логистикалық порт салып жатыр. Ол нысанға арналған 51 гектар жердің заңды түрде жеке меншікке сатып алынғанын және жобаның банк несиесі есебінен жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
Қапеновтің дерегінше, 2022 жылы басталған құрылыс 2023 жылдан бастап айына шамамен 1 млн доллар көлемінде табыс әкеле бастаған.
Сонымен қатар ол Bereke Bank-ке қатысты «рейдерлік» туралы шағымдарының қараусыз қалғанын айтып, алдағы уақытта қосымша мәлімет жариялайтынын жеткізді.
Бұған дейін кәсіпкер Біріккен Араб Әмірліктерінде ұсталып, кейін босатылғаны хабарланған.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі оған халықаралық іздеу жариялаған. Тергеу деректеріне сәйкес, Қапенов «ҚазТемірТранс» компаниясында жұмыс істеген кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 5,2 млрд теңгеден асатыны айтылған.
Сондай-ақ Достық станциясындағы терминалды мемлекет меншігіне қайтару туралы сот шешімі де шыққан.
