Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтар

Бұрынғы лудомандарға банктік несиелер бойынша кейінге қалдыру беру ұсынылды

Фото:depositphotos.com

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев ойынға тәуелділіктен емделіп шыққан азаматтарды қолдау тетіктерін енгізу қажеттігін көтерді. Соның ішінде банктік несиелер бойынша уақытша кейінге қалдыру беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Осыған байланысты депутат Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.

Халық қалаулысы сарапшылар деректеріне сүйене отырып, Қазақстанда тұрақты түрде құмар ойын ойнайтын азаматтардың саны шамамен 700 мыңға жуық екенін атап өтті.

Бұл жай ғана статистика емес. Оның артында күйреген отбасылар, жеке трагедиялар және ірі қаржылық шығындар тұр, — делінген депутаттық сауалда.

Әуесбаевтың айтуынша, қазіргі таңда лудоманияға қарсы қабылданған шектеу шаралары мен науқастарға көрсетілетін медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмектің арасында жүйелі теңгерім жоқ.

Сондай-ақ депутат 2024–2026 жылдарға арналған лудоманиямен және заңсыз ойын бизнесімен күрес жөніндегі кешенді жоспардың тек 300 адамды оңалту көмегімен қамтитынын айтып, бұл көрсеткіш мәселенің ауқымына сай келмейтінін жеткізді.

Сарапшылар бағалауынша, заңсыз ойын бизнесі айналымындағы қаражат көлемі 500 млрд теңгеден асқан. Бұл көлеңкелі экономиканың өсуіне және қаржылық қауіпсіздікке қосымша қатер төндіреді.

Мәжіліс депутаты құмар ойынға тәуелділігін мойындаған азаматтардың бір бөлігі әлеуметтік қысым мен стигма салдарынан мемлекеттік мекемелерге жүгінбейтінін де атап өтті. Ал жеке оңалту орталықтарының қызметі көпшілік үшін қолжетімсіз.

Осыған байланысты ол кешенді жоспардың мақсатты индикаторларын қайта қарап, азаматтарды медициналық, психологиялық және әлеуметтік оңалту бағдарламаларымен кеңінен қамтуды ұсынды.

Сонымен қатар емделу кезеңінде пациенттердің деректерін толық анонимді сақтау және оларды автоматты түрде есепке қою тәжірибесін қайта қарау қажеттігі айтылды.

Ұсыныстар қатарында емделіп шыққан азаматтарға постреабилитациялық қолдау жүйесін енгізу, сондай-ақ банктік несиелер бойынша уақытша кейінге қалдыру тетігін қарастыру да бар.

Бұдан бөлек, депутат психологтар мен әлеуметтік сала мамандарын лудоманияны ерте анықтау және алдын алу бағытында қайта даярлаудың маңызын атап өтті.

Лудоманиямен күрес тек шектеу мен тыйымнан тұрмайды. Бұл — ұлт денсаулығы, экономикалық қауіпсіздік және мыңдаған отбасының болашағына тікелей әсер ететін мәселе, — деді Нұрлан Әуесбаев.

Сәйкес жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ «АБАЙ ӘЛЕМІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ФИНАЛЫ ӨТТІ

bairakkz

Жаңа энергетика министрі тағайындалды

bairakkz

Ақтөбеде дзюдодан Қазақстан чемпиондары анықталды

bairakkz