Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

Қайын енесінің алтындарын ломбардқа өткізген. Жангелдиндегі төрт адамның өлімі бойынша жаңа мәліметтер жарияланды

Фото: azh.kz

Атырауда Жангелдин ауылында тұратын бір отбасының төрт мүшесін өлтіру ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті отырыста марқұмдар Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның денелерін сарайдан шығару сәті түсірілген бейнежазба көрсетілді.

Видеодан мәйіттердің шамамен бір метр тереңдіктен табылғанын көруге болады. Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті Сұлтан Сарсемалиев алдымен енесі Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, кейін оның үстіне қайынатасы Мақсот Қарабалиннің денесін қойған. Кейін қылмыстың ізін жасыру мақсатында көмілген жердің үстіне линолеум төсеп, диван қойған.

Сот барысында күдіктінің ата-енесін өлтіргеннен кейін олардың денесін үстіндегі киімдерімен бірге көмгені де айтылды.

Сонымен қатар сотта Сұлтан Сарсемалиевтің қылмыстан кейін марқұмдардың мүлкін пайдаланғаны туралы жаңа деректер жарияланды. Тергеу мәліметінше, 2025 жылғы 7 қарашада ол Атырау қаласындағы «Дина» базары аумағындағы ломбардтардың біріне Нәсіп Өтешқалиеваның екі алтын сақинасын өткізіп, ақша алған.

Бұған дейін сотта бақташы Дархан Бақытов куәлік беріп, марқұмдардың малын күніне 3 мың теңгеге бағып жүргенін айтқан еді. Оның сөзінше, барлық тапсырма WhatsApp арқылы келген. Ол отбасы мүшелері емделу үшін Ташкентке кеткен деп ойлап, еш күмәнданбаған.

Сот отырысында Атырау қаласында екі мәйіт табылған үйдің иесі де жауап берді. Оның айтуынша, жалға берілген үйдің ақысы белгісіз адамдар арқылы уақытылы төленіп тұрған.

Іс материалдарына сәйкес, тергеу кезінде Сұлтан Сарсемалиевтің екі адвокаты болған. Қазіргі уақытта оны адвокат Асан Жұмабаев қорғап отыр. Қорғаушы сотталушыны кінәлі деп тануға әлі ерте екенін мәлімдеген.

Сотта куәгерлердің бірі Сарсемалиевтің бұрын қара жұмысқа өте бейім болғанын айтты. Оның сөзінше, күдікті 2024 жылы кәсіпкерлік нысандардың бірінде жалдамалы жұмысшы болып еңбек еткен, жер қазу және ауыр жұмыстарды жалғыз өзі атқарған.

Бұған дейінгі сот отырысында Сұлтан Сарсемалиев қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеген болатын.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамыр айында Атыраудағы жалдамалы үйде өлтіріліп, сол үйдің іргесіне көмілген. Ал қараша айында күдікті бір пышақпен тағы үш адамды – қайынатасы Мақсот Қарабалинді, енесі Нәсіп Өтешқалиеваны және қайынсіңлісі Мейрамгүл Қарабалинаны өлтірген.

Марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваның адам өлтіру дерегіне қатысы жоқ екені тергеу барысында анықталған.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңында хабар-ошарсыз кеткен болатын. 2026 жылғы 6 қаңтарда Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның денелері сарайдан табылды. Кейін олардың денесінде пышақ жарақаттары бар екені белгілі болды.

9 қаңтарда полиция негізгі күдікті ретінде марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиевті атады. Ол халықаралық іздеуге жарияланып, ақпан айының соңында Индонезияның Бали аралында ұсталды. Онымен бірге марқұмдардың туысы Ақбаян Мұқанғалиева да қолға түсті.

Кейін күдікті Қазақстанға экстрадицияланып, тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсеткен. Сондай-ақ оның психикалық сараптамадан өтіп, ақыл-есінің дұрыс екені анықталған.

Қылмыстық істі Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина қарап жатыр. Сот процесі жалғасуда.

Сәйкес жаңалықтар

Шерзат өлімі бойынша сот отырысын сынаған блогерлерге ескерту жасалды

bairakkz

Жетісуда түрмеден ерте босап шыққан алты балалы әйелді бостандықта ерекше сый күтіп тұрған

bairakkz

Ризабек Айтмұхан Алматыда Олимпиада чемпионына жол берді

bairakkz