Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтар

Баланы телефон тәрбиелеп жатқанда…

Жасанды интелект

Бір кезде қазақ баласының алғашқы ұстазы әжесі еді. Әжесі ертегі, анасы бесік жырын айтатын. Атасы бата беретін. Бүгінгі баланың алғашқы ұстазы – телефон.

Таңертең көзін ашқан бала анасының жүзінен бұрын экранға қарайды. Кешке ұйықтар алдында атасының әңгімесін емес, YouTube-тағы видеоны тыңдайды. Оның сүйікті кейіпкері Алдар көсе де, Қожанасыр да емес – Влад пен Ники, «Синий трактор», Мистер Бист, ойындағы түрлі кейіпкер.

Бір шындықты мойындауымыз керек – қазір тіл үшін күрес мектепте, кабинетте емес, интернетте жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет қазақ тілі тұрмыстық деңгейде қалып қоймай, ғылымның, технологияның, бизнестің және цифрлық ортаның толыққанды тіліне айналуы қажет екенін айтты.

Расымен қазір мәселе баланың қазақша сөйлемеуінен бұрын, қазақ тілінің бала қызығатын әлемнен қалып бара жатқанында болып отыр. Себебі, қаласақ та, қаламасақ та қазіргі бала кітап оқығаннан бұрын экран көреді. Ал экранда қай тіл басым болса, сол баланың ойлау тіліне айналады.

Сондықтан тіл тағдыры енді мұғалімнің немесе филологтің ғана емес, IT-мамандар, аниматорлар, блогерлер, сценаристер мен контент жасаушылардың мәселесі.

Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген. Бүгін біз сөзімізді жоғалтып жатқан жоқпыз, бірақ сөзіміз баланың әлемінен алыстап бара жатыр. Кейде қазақша контент аз дейміз. Бірақ мәселе тек санда емес қой. Неге әлем бойынша миллиондаған бала көретін «Влад пен Ники» пайда болды? Неге «Синий тракторды» екі жасар бала жатқа біледі? Қыздарымыз неге «Настя» болғысы келеді?

Өйткені олардың авторы бала психологиясын зерттеп, «баланы не қызықтырады?», «қандай түстер тартымды?», «бала не естігісі келеді?», «сюжетін қалай құрған дұрыс?» деген сұрақтарға жауап іздеді. Ал біз әлі күнге дейін баланы екі басты айдаһармен немесе бір көзді дәумен қызықтырамыз деп ойлаймыз. Бұл біздің аңыз-әңгімелеріміз болғанымен, қазіргі балаға басқаша тәсіл керек.

Бала психологі Таңсұлу Оразбекқызының айтуынша, бала тілді сабақ арқылы емес, эмоция арқылы меңгереді.

Егер бала сол фильмді немесе блогті көріп отырып күлсе, таңғалса, қызықса, сүйікті кейіпкеріне еліктесе – сол тіл оның санасына тез сіңеді. Сондықтан қазақ тілін баланың өміріне күштеп емес, қызықты етіп енгізу маңызды. Бала қазақ тілін міндет ретінде емес, қызық ретінде қабылдауы керек, — дейді маман.

Ал IT саласының мамандары бұл мәселені технология арқылы да шешуге болатынын айтады.

YouTube Kids қосымшасында ата-аналар контентті белгілі бір тіл бойынша іріктей алады. Яғни балаңызға таңдаған тілде ғана контент көрсетіледі. Бұдан бөлек мүмкіндігінше «осы тілдегі» контентті көрсетсеңіз деген бөлігі де бар. Бастысы – ата-ана жауапкершілігі мен қалауы, — дейді бағдарлама жасаушы Бексұлтан Асен.

Дегенмен қазақша контент әлі де жеткіліксіз. Жалғыз «Балапан» арнасының шамасы көпке жетпейтіні түсінікті. Ал біз білетін кей YouTube-арналардың тілі қазақ болғанымен сапасы сын көтермейді. Егер мемлекет, бизнес және контент жасаушылар бірігіп жұмыс істесе, қазақ тіліндегі балалар платформаларын, анимациялық студияларды, ойындарды және білім беру жобаларын дамытуға болады.

Мысал келтіре кетсек, Оңтүстік Корея балалар контентіне ондаған жыл бойы инвестиция салды. Нәтижесінде корей тіліндегі мультфильмдер мен бағдарламалар бүкіл әлемге тарады. Балалар өз тілінде сөйлеп қана қоймай, өз мәдениетін мақтан тұтатын деңгейге жетті.

Ал Исландия халқының саны небәрі 400 мыңға жуық болса да, мемлекет балалардың ана тілінде сөйлеп өсуі үшін арнайы цифрлық платформалар жасап келеді. Тіпті жасанды интеллект жүйелерінің исланд тілінде жұмыс істеуіне қаржы бөледі. Себебі бұл елдер қазіргі заманда тіл болашағын технология шешетінін анық түсінген.

Қарап отырсаңыз қазір ауыл баласының өзі орысша сөйлеп жүр. Бұрын қала ауылға әсер ететін, ал қазір ауылға әлем әсер етеді. Себебі телефондағы контентте шекара болмайды.

Шерхан Мұртаза кезінде «Қазақ тілінің күні туды дедік. Асығыстық болды» деп жазған еді. Одан бері ондаған жыл өтті. Бүгін тіл болашағы үшін күрес кабинетте емес, экранда жүріп жатқанын түсінуіміз керек.

Тілге талап керек. Бірақ талаптан бұрын сұраныс қажет. Ал сұранысты қызығушылық қалыптастырады. Баланың тілі қазақша шықса ғана емес, баланың арманы да қазақша болса ұлттың болашағы баянды болады.

 

Балнұр ҚОЖАГЕЛДІ

Сәйкес жаңалықтар

Танымал боксшы Жанқош Тұраров қуанышты жаңалығын айтты

bairakkz

ЦИК РК: О явке граждан на 18.10 часов

bairakkz

Атырауда төрт адамды өлтіру ісі: күдіктінің соты ашық өтеді

bairakkz