Алматы қаласының тұрғыны көзінің түсін өзгертуді көздеп, шетелде косметикалық ота жасатқаннан кейін ауыр асқынуларға тап болды. Салдарынан ол көру қабілетінен айырылып қала жаздаған. Алайда қазақстандық дәрігерлердің күрделі операциясының арқасында оның көзі сақталып, көру мүмкіндігі қайта қалпына келе бастады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, операциядан кейін әйелде глаукома мен қасаң қабықтың бұлыңғырлануы дамыған. Соның салдарынан бір көзі толықтай көрмей қалған, ал екінші көзі тек жарықты ғана ажырата алатын деңгейге дейін нашарлаған. Кейін оған I топтағы мүгедектік тағайындалған.
Науқас Қазақстан мен шетелдегі бірнеше медициналық орталыққа жүгінгенімен, жағдайының күрделілігіне байланысты дәрігерлер операция жасауға тәуекел етпеген. Сондықтан жалғыз үміт – көру қабілеті ішінара сақталған көзді аман алып қалу болған.
Күрделі операцияны Алматы қалалық Орталық клиникалық ауруханасының офтальмохирургі Гүлзат Әбдірайымова жүргізді.
Пациенттің айтуынша, ол дәрігердің жоғары кәсіби тәжірибесі туралы естіп, арнайы соған жүгінген.
«Маған қайтадан жарық дүниені көруге мүмкіндік бергені үшін қазақстандық дәрігерлерге шексіз алғысымды білдіремін», – деді ол.
Мамандардың сөзінше, операция кезінде көзішілік қысымның өте жоғары болуы жағдайды одан әрі қиындатқан. Мұндай жағдайда көру қабілетін толық жоғалтуға әкелуі мүмкін экспульсивті қан кету қаупі өте жоғары болады.
Соған қарамастан дәрігерлер тәуекелге барып, екі сағатқа жуық уақытқа созылған күрделі операция жасады. Оның барысында көзішілік қысымды төмендетуге арналған антиглаукомалық ота мен қасаң қабықты трансплантациялау қатар жүргізілген.
Нәтижесінде операция сәтті аяқталып, дәрігерлер көзді сақтап қалып қана қоймай, бұрын тек жарықты ғана сезетін көздің көру қызметін қалпына келтіре алды. Қазір пациент оңалту курсынан өтіп, дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қасаң қабықты трансплантациялау офтальмологиядағы ең күрделі хирургиялық араласулардың бірі саналады. Алматы қалалық Орталық клиникалық ауруханасында мұндай оталар донорлық бағдарлама аясында жасалады. Биылдың өзінде аталған медициналық мекеме мамандары 12 қасаң қабық трансплантациясын сәтті орындап, бірқатар науқастың көру қабілетін сақтап қалуға және қалпына келтіруге мүмкіндік берген.
