Ақтөбе облысында мейрамханада өткен тойдан кейін 100-ден астам адам ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, алғашқы науқастар медициналық мекемелерге 19 маусым күні түсе бастаған. Олардың барлығы Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында өткен банкетке қатысқан.
«19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық және облыстық клиникалық инфекциялық ауруханаларға ішек инфекциясы белгілерімен 102 науқас жатқызылды. Олардың 34-інде сальмонеллездің ықтимал жағдайы тіркелді. Жағдай тұрақты бақылауда», – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы орташа ауыр деңгейде бағаланып отыр. Қазіргі уақытта медициналық мамандар науқастармен байланыста болған азаматтарды анықтап, қажетті эпидемияға қарсы шараларды жүргізуде. Сондай-ақ бактериологиялық зерттеулер үшін сынамалар алынған.
Оқиғаны үйлестіру мақсатында арнайы жедел штаб құрылып, ауданға қосымша медициналық бригадалар жіберілген. Әлеуметтік желілерде тараған «науқастар аурухана дәліздеріне жатқызылды» деген ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы жоққа шығарды.
Осы жағдайға байланысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары тексеру жұмыстарын бастады. Мамандар мейрамханадағы тағамдардан және қоршаған орта нысандарынан зертханалық сынамалар алып, олардың қауіпсіздігін тексеріп жатыр. Тергеу және зерттеу жұмыстары аяқталғанға дейін қоғамдық тамақтану орнының қызметі уақытша тоқтатылды.
Қандыағаштағы жаппай улану фактісі бойынша эпидемиологиялық тексеру жүргізілуде. Мамандар аурудың нақты себебі мен инфекцияның таралу көзін анықтауға кіріскен. Тексеру нәтижелері шыққаннан кейін қосымша ақпарат жарияланады.
Айта кетейік, сальмонеллез – Salmonella бактериясы қоздыратын жіті ішек инфекциясы. Ауру көбіне дұрыс дайындалмаған немесе сақталмаған ет, құс еті, жұмыртқа және сүт өнімдері арқылы жұғады. Оның негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, іштің ауыруы, жүрек айну, құсу және іш өту.
