Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов денсаулығына байланысты ауыр кезеңді бастан өткергенін мәлімдеді. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жансақтау бөліміне түсіп, күрделі ота жасалғанын айтып, сол сәтте қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді.
Әнші өмір жолындағы сынақтар, ата-анасына деген сағынышы мен жүрегіндегі өкініштері туралы да сыр шертті.
«Алдымнан тоқсан тоғыз кедергі кезіксе де үмітімді үзбедім. Алладан тілеген адаммын. Бәрін білсем де білмегендей, көзім көрсе де көрмегендей, жан-дүнием қанша сыздаса да сыр бермей, сан алуан сынақты көтеріп, ішімнен ғана сынып жүрмін», – деп жазды өнер иесі.
Нұрғали Нүсіпжанов жуырда денсаулығы сыр беріп, жансақтау бөліміне түскенін айтты.
«Осыдан аз уақыт бұрын жансақтау бөліміне түстім, одан кейін ота жасалды. Жадырам жас қой, сындарлы сәтте шыр-пыр етіп Мейрамбек ағасына хабарласады. Былтыр Астанада алты ай төсек тартып жатқанымда да Мейрамбектің қамқорлығын көрдім», – деді әнші.
Өнер иесі қиын сәтте қол ұшын созған азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әнші Мейрамбек Беспаев, продюсер Ерғали Әбдірайымов, журналистер Бақыт Жағыпаров мен Ерік Рахым шұғыл операцияның ұйымдастырылуына көмектескен.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Мәдениет пен әдебиеттің төңірегінде жүрген осы ұлдарыма әппақ басымды иіп, ел алдында, жұрт алдында алғыс-рақметімді айтқым келеді», – деді халық әртісі.
Сөз соңында Нұрғали Нүсіпжанов өзіне жанашыр болған азаматтарға ақ батасын беріп, сағынған сахнасына қайта оралуды армандайтынын жеткізді.
«Сағыныш болған сахнаммен қауышар сәтім туса, қабырғалы қазағымның алдында ақ маңдайларынан сүйіп, ақ батамды бергім келеді. Амандықтарың Аллаға аманат», – деп түйіндеді әнші.
