Алматы қаласында бұрын атауы болмаған 150-ден астам көшеге жаңа атау берілді. Олардың қатарында қазақстандық әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің есімі берілген көше де бар.
Тиісті қаулыға Алматы қаласының әкімдігі қол қойды. Құжатқа сәйкес, жаңа атаулар Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы көшелерге берілді.
Денис Тен атындағы көше Бостандық ауданындағы «Архат» шағын ауданында орналасқан.
Сонымен қатар жаңа атаулар қатарында Амантай Байтанаев, Хо Ши Мин, Наталья Сац, Қайым Мұхамеджанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұзафар Әлімбаев, Смайыл Өтегенов, Мауытхан Сыдықов, Бекеш Мадалиев және Анатолий Храпатый сияқты белгілі тұлғалардың есімдері бар.
Бұдан бөлек, қала картасында Шаңқобыз, Ақсарай, Жаңаөзен, Ақтау, Үшарал, Бозжыра, Ерейментау секілді географиялық атаулармен аталатын жаңа көшелер де пайда болды.
Қаулы ресми жарияланған күннен бастап заңды күшіне енеді.
