Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

Тыңшылық күдігі: ҰҚК өзбекстандық профессордың ісіне қатысты жаңа мәлімет жариялады

Фото: mnu.kz

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астанада ұсталған Өзбекстан азаматы, профессор Икболжон Карабоевтың ісіне қатысты жаңа мәлімет берді. Бұған дейін БАҚ-та оның тыңшылық жасады деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған.

ҰҚК мәліметінше, Қазақстан тарапы Карабоевқа қатысты іс жөнінде Өзбекстанды дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде хабардар еткен.

«ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары жария етуге жатпайды. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өзбек тарапы бұл іс туралы дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде хабардар етілді», — деп хабарлады ҰҚК журналистер сауалына берген жауабында.

Комитет сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын меңзегенімен, істің өзге мән-жайын жарияламады. Атап айтқанда, ведомство Карабоевтың қазіргі процестік мәртебесін, оған нақты қандай күдік тағылғанын және қылмыстық істің қай бап бойынша тергеліп жатқанын ашып айтқан жоқ.

Сондықтан профессорға қатысты істің Қылмыстық кодекстің 176-бабы — «Шпионаж» бойынша тергеліп жатқаны жөніндегі ақпарат әзірге ҰҚК тарапынан ресми түрде расталған жоқ.

Профессордың ұсталғаны туралы не белгілі?

Бұған дейін шетелдік БАҚ Икболжон Карабоевтың Астанада ұсталғанын хабарлаған. 46 жастағы Өзбекстан азаматы Қазақстан астанасында әйелі және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған.

Карабоев халықаралық қатынастар саласында жұмыс істеп, бұған дейін Maqsut Narikbayev University-де (MNU) дәріс берген.

BBC мәліметінше, профессорға қатысты қылмыстық іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы — «Шпионаж» бойынша тергеліп жатқан болуы мүмкін. Алайда бұл ақпаратты Қазақстанның құзырлы органдары ресми түрде растаған жоқ.

ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабы шетелдік мемлекетке немесе ұйымға беру мақсатында мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беру, жинау, ұрлау немесе сақтау секілді әрекеттер үшін жауапкершілікті қарастырады. Сондай-ақ шетелдік барлаудың тапсырмасы бойынша Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қарсы пайдаланылуы мүмкін өзге ақпаратты жинау да осы бап аясында қарастырылады.

Ғылыми қызметінің іске қатысы бар ма?

Карабоев халықаралық қатынастар, өңірлік интеграция және стратегиялық маңызы бар минералдық ресурстар тақырыптарын зерттеген.

Алайда оның ғылыми-зерттеу қызметі мен ұсталуына себеп болған қылмыстық істің арасында байланыс бар екені туралы ресми мәлімет жоқ. BBC журналистері де мұндай байланысты растай алмағанын жазған.

Maqsut Narikbayev University өкілдері Карабоевтың қазіргі уақытта университет профессоры емес екенін мәлімдеді.

«Maqsut Narikbayev University (MNU) Икболжон Карабоевтың қазіргі уақытта университетіміздің профессоры емес екенін хабарлайды. Оның ұсталуына қатысты өзге ақпарат алу үшін құзырлы органдарға жүгінулеріңізді сұраймыз», — деп хабарлаған университеттің баспасөз қызметі.

Әзірге ҰҚК тергеу құпиясына байланысты істің басқа егжей-тегжейін жариялаған жоқ. Өзбекстан тарапының профессордың ісіне байланысты ресми ұстанымы туралы да қосымша ақпарат берілмеді.

Сәйкес жаңалықтар

Road to Abu Dhabi: Астанада 2025 жылғы «Болашақ ойындарына» іріктеу басталды

bairakkz

Ломбардтағы қарыз несие тарихына әсер етеді: кешіктірсеңіз, банк несие бермеуі мүмкін

bairakkz

Арабша жазуы бар ту ұстап суретке түскендерге сот үкімі шықты

bairakkz