Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

Солтүстік Аралға су жіберу жұмыстары басталды

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысына екі күндік жұмыс сапары аясында халықпен кездесті, шаруаларға және Солтүстік Аралға су жіберу жұмыстарын қадағалады, сондай-ақ министрліктің жобалары өңірде қалай жүзеге асырылып жатқанын тексерді. Алдымен, Сырдария өзеніндегі жаңа су торабының құрылыс алаңына барды.

Аманөткел ауылының маңында салынып жатқан су торабы Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйесіне су толтыруға мүмкіндік береді, бұл өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартады. Сол күні «Әйтек» су торабының жұмысымен танысты.

Су торабы арқылы облыстың Сырдария және Жалағаш аудандарының егіс алқаптары суармалы сумен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, аталған маңызды нысан Солтүстік Арал теңізіне де су жібереді. Айта кету керек, бір жыл бұрын теңізге секундына 6 текше метр су жіберілген болса, қазір секундына 75 текше метрге дейін су барып жатыр. Бұл былтырғыдан 12,5 есе көп. Министр Сырдария және Жалағаш аудандарының шаруаларымен кездесті. Дихандар қазіргі уақытта екі ауданда да су жеткілікті екенін айтты.

«Біз өз тарапымыздан су дипломатиясын күшейтуді жалғастырамыз және шаруа қожалықтарын су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандырамыз. Осылайша суармалы су жетіспеушілігі мәселесін түпкілікті шешуге ниеттіміз», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Келесі күні министр Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жұмысымен танысты. Қазір институт топырақтағы ылғалды сақтау үшін мажарлық препаратты сынақтан өткізуде. Ол үшін жеке шағын жер телімі бөлінген. Нұржан Нұржігітов бірнеше айдан соң сынақ нәтижесімен жеке танысу үшін тағы келетінін мәлімдеді.

«Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқабында министр Шиелі ауданының шаруаларымен кездесіп, су үнемдеу технологияларын одан әрі енгізуді ынталандыру үшін министрліктің қабылдаған іс-шаралары туралы айтты. Мысалы, елімізде су үнемдеу жүйелерін орнатуға бөлінетін субсидия мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін көтерілді. Кездесуде жергілікті шаруалар су үнемдейтін технологияларды қолдана отырып өсірген өнімдерін ведомство басшысына көрсетті.

Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысына сапары аясында «Талап» су қабылдағышына барды. Мұнда өңірдің елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарымен танысты. Талап топтық су құбырын реконструкциялау жұмысы аяқталуға жақын.

Келесі жылы Арал ауданының Ақбасты, Абай және Тоқабай елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын және «Байқожа» топтық су құбырын қайта жаңғыртуды аяқтау жоспарланып отыр. Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысынан кейін Түркістан облысына аттанды. Мұнда министр өңір халқымен кездесуді жоспарлап отыр.

Сәйкес жаңалықтар

Боксшы Дулат Бекбауов Азия чемпионатының жартылай финалына шықты

bairakkz

Каспий жағалауынан табылған итбалық өлексесі 734-ке жетті

bairakkz

«Түсінгенімен қазақша сөйлегісі келмейді»: Бүркіт әйелі Аиша туралы айтты

bairakkz