Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға байланысты әрбір жауапты лауазымды тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілер теңізге кеткен.
Соңғы мәлімет бойынша, оқиға салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Тағы екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Президенттің тапсырмасымен оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Құзырлы органдар қылмыстық іс қозғап, тергеу бастады.
«Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді», – деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьердің айтуынша, мемлекет қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық және басқа да қажетті көмек көрсетеді.
«Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, барлық қажетті қолдау көрсетіледі», – деді ол.
Қанат Бозымбаев тергеу барысы мен қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсету жұмыстарын жеке бақылауына алғанын жеткізді.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған комиссия да жіберілген. Тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
