Қазақстанда табысы жоғары азаматтарға әлеуметтік жәрдемақы төлеу тәртібі қайта қаралуы мүмкін. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік реформаның алдын ала есептерін жариялады.
Құрылтай аясында өткен брифингте Серік Жұманғарин әлеуметтік төлем алушылардың табыс деңгейіне қарай санаттарға бөлініп жатқанын айтты.
– Қателеспесем, әңгіме 522 мың адам туралы болып отыр. Оның шамамен 70 мыңы А санатына, қалғандары В санатына жатады, – деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта азаматтардың санаттарын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Жәрдемақы алушыларға тиісті хабарламалар жіберіледі.
«Басты мақсат – қаржыны үнемдеу емес»
Серік Жұманғарин реформаны жүзеге асыру кезінде азаматтардың мүддесі бірінші орынға қойылатынын атап өтті.
– Кеше осы мәселені талқыладық. Біз азаматтарға тиесілі көмекті бермей қойғаннан гөрі, олардың пайдасына қателескенді жөн көреміз. Мақсат – қалайда бюджет қаражатын үнемдеу емес, – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда табысы жоғары отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуді шектеу мәселесі қоғамда қызу пікірталас тудырды.
Әсіресе, қазақстандық әйелдер әлеуметтік төлемдерді қысқарту бастамасына қарсылық білдірді.
Әзірге нақты қанша азаматтың жәрдемақыдан айырылатыны белгісіз. Үкімет келтірген 522 мың адам – алдын ала есепке алынған көрсеткіш. Бұл олардың барлығы міндетті түрде жәрдемақыдан қағылады деген сөз емес.
