Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарСаясат

«Жаңа адамдар келуі керек»: Мәулен Әшімбаев жаңа Құрылтай туралы айтты

Сенат

Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының соңғы отырысы өтті. Жоғарғы палата депутаттары бірқатар заңды мақұлдап, Конституцияның жаңа талаптарына сәйкес өз жұмысын аяқтауға дайындалуда.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл отырыстың тарихи мәні бар екенін атап өтті.

«Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты тарихындағы соңғы отырыс өтті. 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияға сәйкес Парламенттің өкілеттігі тоқтайды. Осылайша, 1995 жылғы Конституция негізінде құрылған екі палаталы Парламент өзінің 30 жылдық тарихи миссиясын абыроймен аяқтап отыр», — деді Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, Сенат осы жылдар ішінде 890 пленарлық отырыс өткізіп, 3500-ден астам заңды қараған.

Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта елдің саяси жүйесінде жаңа кезең басталатынын айтты. Оның сөзінше, бір палаталы Құрылтайға жаңа тұлғалардың келуі маңызды.

«Қазіргі уақыт өте қарқынды әрі белсенді. Менің ойымша, Құрылтайда жаңа тұлғалар, болашағы бар саясаткерлер, жастар, әйелдер және өңірлердің өкілдері көбірек болса, бұл еліміз үшін өте маңызды әрі пайдалы болады», — деді Сенат спикері.

Сонымен қатар ол бұл пікір қазіргі депутаттар өз мүмкіндігін сарқыды дегенді білдірмейтінін түсіндірді. Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі жағдайда мемлекеттік басқару жүйесіне көбірек азаматты тарту маңызды.

Еске сала кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енеді. Соған сәйкес, қазіргі екі палаталы Парламенттің өкілеттігі тоқтап, оның орнына бір палаталы Құрылтай жұмыс істейді. Жаңа Құрылтай сайлауы тамыз айында өтеді деп күтілуде.

Сәйкес жаңалықтар

Жеңіс Қасымбек: Келесі аптадан Астанадағы ЛРТ-ның бірнеше станциясы арасында пойыздар жүре бастайды

bairakkz

Марқұм актер Мұрат Бисембиннің қызы тұрмысқа шықты

bairakkz

Шымкентте жалған бренд заттарын сатқан алаяқтар ұсталды

bairakkz