Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

«Қош болыңыз, батыр ағатай»: Полицейдің қарындасы ағасының көзі тірісіндегі сәттерінен естелік бөлісті

Видеодан скрин

Алматы облысының Кеген ауданында мәйіті өртенген күйде табылған 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің қарындасы Ақерке Қалиақпарова әлеуметтік желіде ағасын еске алып, жан тебірентерлік жазба жариялады.

Ол Instagram парақшасында ағасымен бірге түскен видеоларды бөлісіп, оның жарқын бейнесі мен елге адал қызметін ешқашан ұмытпайтынын айтты.

«Бәрімізді қорғап жүрген ардақты ағатай… Бұл қаралы хабарды қабылдау өте ауыр болды. Сіздей елге қорған болған, әрдайым халықтың тыныштығы үшін қызмет еткен азаматтың өмірден өтуі жүрекке қатты батты. Қарындасыңыз ретінде сізге деген құрметім мен алғысым шексіз. Жылы жүзіңіз, қарапайым мінезіңіз, елге деген адал қызметіңіз ешқашан ұмытылмайды. Сіздің жарқын бейнеңіз әрдайым жүрегімізде сақталады. Сіз әрдайым біздің жүрегімізде мәңгілік сақталасыз. Жаныңыз жәннатта болсын, ағатай. Сізге деген құрметіміз бен алғысымыз мәңгілік. Қош болыңыз, батыр ағатай…», – деп жазды Ақерке Қалиақпарова.

Еске салайық, полиция қызметкерінің мәйітін 23 маусым күні мал іздеп жүрген бақташы Алматы облысының Кеген ауданынан тауып алған. Марқұмның денесі өртенген күйде болған.

Алдын ала тергеу мәліметінше, қайғылы оқиғаға отбасындағы жанжал себеп болған. Болжам бойынша, оқиға күні Аслан Әлсеров үйіне кеш оралған. Үйде туындаған жанжал төбелеске ұласып, жасөспірімдердің бірі оны басынан ауыр затпен ұрған болуы мүмкін. Кейін ес-түссіз жатқан ер адамның денесін көлікке тиеп, Кеген ауданына апарып, із жасыру мақсатында өртеген деген нұсқа қарастырылып жатыр.

Қазіргі таңда марқұмның жұбайы, екі ұлы және олардың 14 жастағы досы күдікті ретінде тергелуде. Соңғы мәлімет бойынша, сот шешімімен екі ұлы мен олардың досына үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Көршілерінің айтуынша, отбасы сырт көзге үлгілі көрінген. Олар жеті кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырған, оның екеуі асырап алынған.

Қазір аталған іс бойынша «адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ерекше қатыгездікпен адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу органдары қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті сараптамалар мен процессуалдық әрекеттерді жүргізуде.

Сәйкес жаңалықтар

НҰРБАҚЫТ ТЕҢІЗБАЕВ ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

bairakkz

Таяу Шығыстан бір тәулікте 1,7 мыңнан астам қазақстандық елге оралды

bairakkz

Түркістан облысында әкесін соққыға жығып өлтірген ер адамның әйелі де тергеуге алынды

bairakkz