Түркістан облысында туған әкесін ұрып, ауыр жарақаттан қазаға ұшыратқан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, күдіктінің жұбайына да айып тағылып отыр, деп хабарлайды bairak.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, марқұмның өлімі бойынша ұлына ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан») негізінде іс тіркелген. Ер адам қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.
Күдіктінің әйелі де жауапқа тартылуда. Ол ҚР ҚК-нің 109-1-бабы, 2-бөлігінің 3-тармағы («Әлсіз, дәрменсіз жағдайда немесе материалдық не өзге де тәуелділікте тұрған адамға қол жұмсау») бойынша тергеліп жатыр.
Қажетті барлық тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы толық анықталғаннан кейін заң аясында процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу аяқталған соң барлық қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі, – деді полиция өкілдері.
Сонымен бірге тәртіп сақшыларының айтуынша, қайғылы жағдайға дейін жәбірленушіден немесе басқа адамдардан тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша арыз түспеген.
