Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

Нұржан Ниязалиев бизнесті тексеруге мораторий енгізу бастамасына қатысты пікір білдірді

Президент Жолдауында микро және шағын бизнесті тексеруге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылау ұсынылды. Бұл бастамаға қатысты пікір білдірген Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Ниязалиев оның кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

Депутаттың айтуынша, кәсіпкерлер уақытын тексерушілерге құжат дайындауға емес, өнім өндіруге, қызмет сапасын жақсартуға және жұмыс орындарын сақтауға жұмсауы керек. Осы тұрғыдан алғанда, мораторий бизнес өкілдерінің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін маңызды қадам болуы мүмкін.

Нұржан Ниязалиев бұған дейінгі мораторий тәжірибесінің де тиімді тұстары болғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұрынғы тәжірибенің нәтижелерін ескере отырып, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік салмақты одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік бар. Бұл олардың өз ісін дамытуға, жұмысын кеңейтуге және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға деген сенімін арттырады.

Сонымен қатар Президент Жолдауында мораторийді бақылау-қадағалау жүйесін жаңғыртып, цифрлық реттеуге көшуге арналған стратегиялық кезең ретінде қарастыру қажеттігі айтылды. Депутат бұл бағыттағы жұмыстардың маңызын атап өтіп, кәсіпкерлерден бір мәліметті қайта-қайта талап ететін артық рәсімдерді қысқарту керектігін жеткізді.

Оның айтуынша, мемлекеттік бақылау жүйесі ашық әрі түсінікті болғаны жөн. Кәсіпкер өзіне қойылатын талаптарды және қабылданатын шешімдердің негізін нақты білсе, жұмысын тиімді жоспарлай алады.

Нұржан Ниязалиев бұл үдерісте кәсіпкерлердің өз ұсыныстарын ескеру маңызды екенін де айтты. Өйткені күнделікті кәсіп жүргізетін азаматтар қандай рәсімдердің уақыт алатынын және қандай талаптардың жұмысқа кедергі келтіретінін жақсы біледі. Сондықтан олардың тәжірибесіне сүйену арқылы артық әкімшілік кедергілерді азайтып, бақылау тәртібін жетілдіруге болады.

 

 

Сәйкес жаңалықтар

Болашақтың іргесін қалауға бірден бір үлес қосатын кезең

bairakkz

ДӘРІГЕРЛЕР ЖАРЫСТЫ

bairakkz

«Ирина Кайратовна, ұялсаңдаршы!»: Баян Алагөзова танымал топқа ескерту жасады

bairakkz