Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

Алматы облысында полицей әйелін қызметтік көлікпен қағып өлтірді деген күдікке ілінді

Фото: ПД

Алматы облысының Балқаш ауданында полиция бөлімінің басшы орынбасары әйелін қызметтік көлікпен қағып өлтірді деген күдікпен ұсталды. Қайғылы оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Bairak.kz  Polites News сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға 16 мамыр күні таңғы сағат шамамен 05:00-де Қонаев–Бақанас тас жолының 84-шақырымында болған.

Деректер бойынша, қызметтік Hyundai Elantra автокөлігін Балқаш аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Қабдулданов басқарған. Көлікте оның жұбайы да болған.

Тергеудің бастапқы нұсқасына сәйкес, жол үстінде ерлі-зайыпты арасында жанжал туындаған. Әйел адам көліктен түсіп қалмақ болған. Кейін жүргізуші Бақбақты ауылы маңында көлікті тоқтатып, әйелін түсіріп кеткені айтылуда.

Күдіктінің түсіндіруінше, ол бірнеше шақырым жүріп өткеннен кейін жұбайын алып кету үшін қайта кері бұрылған. Сол сәтте әйел адамның жолдың ортасында отырғанын байқамай қалып, көлікпен қағып кеткенін айтқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан әйел алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Оқиға орнына аудан прокуроры, оның орынбасары, кезекші прокурор және Алматы облысы полиция департаментінің тергеу тобы барған.

Сондай-ақ күдіктінің оқиға кезінде қызметтік көлікті пайдаланғаны белгілі болды. Алдын ала ақпарат бойынша, 15 мамыр күні ол қаралып жатқан қылмыстық істер бойынша сот-медициналық сараптама тағайындау мақсатында Қонаев қаласына барған.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі — «Жол қозғалысы ережелерін немесе көлік құралын пайдалану ережелерін бұзу арқылы абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Көліктің алдыңғы бөлігі айтарлықтай зақымданғаны белгілі болды. Атап айтқанда, алдыңғы бампері бүлініп, радиаторы ішке қарай ығысқан.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі әзірге бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Сәйкес жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады

bairakkz

Әуежайда қызметкерді кепілге алған ер адам екі айға қамауға алынды

bairakkz

ДИДАР ӨТЕЛБАЕВ БАПКЕР БОЛДЫ

bairakkz