Астанада қаланың коммуналдық меншігіне өткен автотұрақтардың көбі тегін қызмет көрсететін болады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Әкімнің сөзінше, енді ақылы автотұрақтарда минут сайын төлем алу тәртібі болмайды.
Әлемнің көптеген елінде қалай жасалса, бізде де солай болады. Белгілі бір уақыт аралығында көлікті тегін қоюға болады: 15 минутқа, жарты сағатқа немесе бір сағатқа дейін. Мұның ұзақтығы тұрақтың орналасқан жеріне және қаланың сол аймағындағы қозғалыс қарқындылығына байланысты өзгереді. Бірақ минут сайын төлем алу болмайды, – деді Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол барлық автотұрақ коммуналдық меншікке өткенін және әкімдік жекеменшік компаниямен тиісті құжатқа қол қойғанын атап өтті.
Бұған дейін кейбір құқықтық мәселелер болды, алайда біз келісімге келдік. Екі тараптан да ешқандай өтемақы қарастырылмаған. Жеке компанияның басқаруындағы барлық жер телімі қалаға толықтай өтеусіз берілді. Сонымен қатар, инфрақұрылым, шлагбаумдар, жабдықтар мен цифрлық платформа жүйесі де коммуналдық меншікке өтті, – деді әкім.
Жеңіс Қасымбек қала тұрғындарының пікірін ескере отырып, кейбір нысандардағы жағдайды қайта қарайтынын айтты. Әлеуметтік нысандардың алдында ақылы тұрақтар мүлде болмайды.
Қаланың орталық бөлігінде – Достық, Қонаев көшелері сияқты қозғалыс қарқынды аймақтарда біз әлемдік тәжірибені қолданамыз. Мысалы, Мәскеуде Тверская көшесінде көлікті қалдыру 20 мың рубльге дейін тұрады, – деп түсіндірді әкім.
Сондай-ақ ол көптеген тұрақ орындары тегін болатынын және кептеліс көп жерлерде көлікті қоюға шектеу шаралары енгізілетінін айтты.
Еске салсақ, бұған дейін Астанадағы барлық автотұрақ қаланың коммуналдық меншігіне өткен еді.
