Бүгін елімізде тамыз айындағы ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. ҰБТ 14 тамызға дейін жалғасады. Осы кезеңде тест тапсыруға 30 мыңнан астам талапкер өтініш берген.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қатысушылардың басым бөлігі тестілеуді қазақ тілінде тапсырады. Атап айтқанда, талапкерлердің 65%-ы қазақ тілін, 35%-ы орыс тілін таңдаған. Ал 100 адам тесті ағылшын тілінде тапсыруға ниет білдірген.
ҰБТ-ның алғашқы күнінде 6,7 мыңнан астам талапкер тестілеуден өтеді.
Тамыз айындағы тестілеуге биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері қатыса алады. Сондай-ақ оған қандастар, шетелде орта білім алған азаматтар, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа бағыттарға ауысқысы келетін студенттер және басқа мамандықтан педагогикалық бағытқа ауысуды жоспарлағандар да қатысады.
Бұдан бөлек, алдыңғы оқу жылында шекті балл жинай алмаған және ақылы негізде жоғары оқу орнына қабылданған азаматтарға да тамыздағы ҰБТ-ға қатысуға мүмкіндік берілген.
Ал өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастырғысы келетін колледж түлектері әңгімелесу нәтижесі бойынша оқуға қабылдана алады. Мұндай жағдайда талапкерлерді университеттердің қабылдау комиссиялары қабылдайды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда негізгі ҰБТ аяқталған болатын. Оның қорытындысы бойынша талапкерлердің 76%-ы шекті балл жинап, мемлекеттік білім гранттары конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
