2026 жыл Қытайдың коммерциялық ғарыш саласы үшін тарихи кезең болуы мүмкін. Саладағы жетекші компаниялар қайта пайдалануға болатын зымырандар бағытында ірі технологиялық серпілістер күтуде.
Өткен жылдың соңында LANDSPACE компаниясының Zhuque-3 зымыраны алғашқы сатысын қайтаруға небәрі бірнеше ондаған метр жетпей қалған еді. Осы сынақтан кейін алдағы айларда тағы бірнеше жаңа зымыран үлгісінің алғашқы ұшуы жоспарланып отыр. Олардың қатарында Galactic Energy әзірлеген PALLAS-2, бір ұшырылымда 36 спутникті орбитаға шығаруға арналған Space Pioneer компаниясының Tianlong-3 зымыраны және CAS-SPACE жасаған Kinetica-2 бар.
Ал Deep Blue Aerospace компаниясының Nebula-1 зымыраны Қытайдың шығысындағы Шаньдун провинциясындағы ұшыру алаңында алғашқы ұшуға дайын тұр. Сонымен бірге SEPOCH компаниясы теңіз үстіндегі қалпына келтіру сынақтарын жүргізіп, биыл жыл соңына дейін орбиталық ұшырылым жасап, аппаратты сәтті қайтаруды мақсат етіп отыр.
Биыл жыл басында Қытайдағы алғашқы коммерциялық «адамды ғарышқа ұшыру технологиялары» компаниясы – InterstellOr 2028 жылға жоспарланған алғашқы ғарыш сапарына 20-дан астам адамның тіркелгенін хабарлады. Олардың арасында актер Johnny Huang, академиктер, ірі компаниялардың басшылары және кәсіпкерлер бар. Бір билет құны шамамен 3 миллион юань.
Бұл сала инвесторлардың да қызығушылығын арттырып отыр. Зерттеу деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қытайдың коммерциялық ғарыш саласына салынған инвестиция көлемі бір жылда 32 пайызға өсіп, 18,6 млрд юаньға жеткен. Он жыл бұрын елде бұл бағытта 10-нан аз жеке компания жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 600-ден асты.
2025 жылдың желтоқсанында Қытай осы салаға арналған алғашқы мамандандырылған инвестициялық қорын іске қосты. Қазіргі кемінде бес компания қор биржасына шығуға дайындалып жатыр. Сұйық оттегі мен метанды пайдаланатын зымыран жасаушы i-Space компаниясы (Қытайдағы жеке сектордан алғаш рет орбитаға зымыран ұшырған компания) өткен айда рекордтық 5,037 млрд юань инвестиция тартты.
Сарапшылардың болжамынша, алдағы бес жылда спутниктік шоқжұлдыздарды орналастыру қарқынына байланысты коммерциялық ұшырылымдар саны күрт артады. Егер 2025 жылы 54 ұшырылым жасалса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 860-қа жетуі мүмкін. Бұл жыл сайын орта есеппен 74 пайыз өсім деген сөз.
Биыл жыл басында International Telecommunication Union (ITU) сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, өткен жылдың 25-31 желтоқсаны аралығында Қытай қосымша 203 мың спутникке арналған орбиталық ресурстарға өтінім берген. Бұл – ел тарихындағы ең ірі халықаралық жиілік пен орбита өтінімі.
Қайта пайдаланылатын зымырандар жарысы
Қытай үкіметінің Ұлттық халық конгресіне (NPC) ұсынылған жұмыс есебінде алғаш рет аэрокосмостық сала «жаңа қалыптасып келе жатқан тірек индустрия» ретінде аталды.
Мамандардың айтуынша, 2026 жылы қайта пайдаланылатын зымырандардың қалпына келтіру технологиясы сынақ кезеңіне өткендіктен, ұшырылым саны айтарлықтай өседі.
2025 жылдың соңында LANDSPACE компаниясының Zhuque-3 және CASC корпорациясының Long March-12A зымырандары алғаш рет сәтті ұшырылды. Zhuque-3 зымыраны бірінші сатысын қайтаруға небәрі 40 метр жетпей қалғанымен, биылғы жылдың екінші тоқсанында қайта сынақ жасау жоспарланып отыр.
Сәтсіздікке қарамастан, мамандар бұл сынақ сұйық оттегі мен метанды пайдаланатын қайта қолданылатын зымырандардың негізгі технологияларын тиімді тексеруге мүмкіндік бергенін айтады. Бұл жеке зымыран компанияларының нақты өндірістік әлеуетін қалыптастыра бастағанының маңызды кезеңі саналады.
Мамандар Қытайдағы бұл технология үш кезең арқылы дамиды деп болжайды:
1-кезең (2025-2027) – тік қону, бағдарды басқару және қону кезіндегі соққыны жұмсарту сияқты негізгі технологияларды тексеру.
2-кезең (2027-2029) – зымырандарды қайта қайтару табыстылығын 90 пайыздан жоғары деңгейге жеткізу, әр зымыранды 20-дан астам рет пайдалану және шығынды 50 пайызға азайту.
3-кезең (2029-2030) – қайта пайдаланылатын зымырандарды толық коммерциялық қолдануға енгізу.
Қазіргі уақытта мұндай зымырандарды ұшыру құны шамамен әр килограмына 100 мың юань болса, болашақта оны 20 мың юаньға дейін төмендету жоспарланған.
Компаниялар шығынды азайту үшін зымыран конструкцияларын жетілдіріп, қалпына келтіру тиімділігін арттыруға және жабдықтың амортизациясын азайтуға күш салуда.
ZRapid Tech компаниясы менеджерінің айтуынша, зымыран қозғалтқыштарының массасының 85 пайызына дейінін өндіруге мүмкіндік беретін 3D басып шығару технологиясын пайдалану бөлшектерді жасау шығындарын 20-30 пайызға төмендетеді.
Сонымен қатар ұшыру процестерін және жердегі қолдау жүйелерін жетілдіру ұшырылым жиілігін арттырып, тұрақты шығындарды бөліп төлеуге мүмкіндік береді. China Academy of Launch Vehicle Technology Қытайдағы алғашқы коммерциялық ғарыш сынақ платформасын құрып жатыр. Ол қайта пайдаланылатын зымырандар мен жаңа аэрокосмостық өнімдерді сынауға бағытталған.
Зерттеулерге сәйкес, 2030 жылға қарай Қытайдың төмен орбитадағы спутниктік шоқжұлдызы толық қалыптасқан кезде қайта пайдаланылатын зымырандарды ұшыру құны әр килограмына 10 мың юаньнан төмен болады. Бұл елдің мүмкіндіктерін әлемдік деңгейдің алдыңғы қатарына шығарады.
Аспан шегі емес: спутниктік шоқжұлдыз жоспары
2026 жылы Қытайдың спутниктік интернет жүйелері бұрын ұшырылған 200-ден астам спутниктің негізінде жоғары тығыздықтағы желі құру кезеңіне өтеді.
Beijing TianHui Aerospace Information Technology компаниясының менеджері Гуань мырзаның айтуынша:
«Жерді қашықтан зондтау коммерциялық ғарыш саласының соңғы әрі ең маңызды кезеңі. Қазір ол әлемдік коммерциялық ғарыш қызметтерінің шамамен 30-40 пайызын құрайды. Болашақта бұл көрсеткіш 60-70 пайызға дейін жетеді».
Қазіргі кезеңде коммерциялық ғарыш саласының негізгі бағыттарының бірі – төмен жер орбитасындағы (LEO) спутниктік интернет. Геостационарлық спутниктермен салыстырғанда, LEO спутниктерінің кідірісі аз, байланыс жоғалтуы төмен және құрылымы қарапайым. Сондықтан оларды жаппай орналастыру мен жаһандық байланыс жүйелері үшін тиімді деп саналады.
Гуань мырза былай дейді:
«Біздің ауыл шаруашылығын спутник арқылы бақылау қызметіндегі тәжірибемізге сүйенсек, Еуропа мен АҚШ-тағы 4 метрлік рұқсаттағы спутниктік деректер шамамен бір шаршы километріне 30 юань тұрады. Ал Қытай дәл сондай қызметті оның жарты бағасына ұсына алады. Бақыланатын аумақ неғұрлым үлкен болса, бірлік құны соғұрлым төмендейді».
ZeroG Lab компаниясының менеджері Ван мырзаның айтуынша, шағын, модульдік және стандартталған компоненттерден тұратын спутниктер шығынды айтарлықтай азайтып, әзірлеу уақытын қысқартқан.
«2018 жылы жерді қашықтан зондтайтын бір CubeSat шамамен 1 миллион доллар тұратын. Қазір біз орбитаға шығарылған спутникті 700 мың доллардан аз бағамен жеткізе аламыз. Жаппай өндірістен бөлек, біз спутниктерді кішірейтіп, жеңілдету үшін жүйелік интеграцияға да көп көңіл бөлеміз. Бұл өз кезегінде ұшыру шығындарын азайтады».
Оның айтуынша, жылдам жеткізу және жоғары тиімді баға – Қытайдың бұл саладағы басты артықшылықтарының бірі.
China Association for Geospatial Industry and Sciences деректеріне сәйкес, 2025 жылға қарай Қытай орбитада 640-тан астам азаматтық қашықтан зондтау спутнигіне ие болды. Осылайша ел бұл салада әлемде екінші орынға шықты.
Қазіргі уақытта China Telecom компаниясы Huawei, Honor, Xiaomi, OPPO және vivo сияқты ірі смартфон өндірушілермен бірге спутникпен тікелей байланыс жасай алатын шамамен 30 құрылғыны нарыққа шығарды.
Гуань мырзаның айтуынша:
«Келесі кезеңде жасанды интеллекттің ықпалымен жаңа технологиялық жетілдірулер болады. Көрінетін жарық, көпспектрлі деректер, гиперспектрлі және микротолқынды деректер сияқты түрлі технологиялар әртүрлі салаларға қызмет ету үшін дамытылады».
2025 жылдың қарашасында Бейжің билігі ғарышта орналасатын ірі деректер орталығын салу жоспарын жариялады. Оның мақсаты – жасанды интеллектке қажетті аса қуатты есептеу жүйелерін ғарышқа шығару.
Гуань мырза бұл бастаманың болашағын былай сипаттайды:
«Ұшыру технологиясы дамып, спутниктер саны артқан сайын біздің желілік қамтуымыз кеңейеді, ал шығындар азая береді. Біз көбірек дерек жинап, көбірек модельдерді үйретеміз, нәтижесінде дәлдік арта түседі. Ақырында әр пайдаланушыға жеке бейімделген деректер ұсына алатын деңгейге жетеміз. Сол кезде қашықтан зондтау қызметтері шағын бизнеске де, тіпті жеке адамдарға да қолжетімді болады».
