Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жақын арада Қазақстан мектептерінің директорларына қатысты өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы 24.kz телеарнасының «Түйін» бағдарламасында хабарланды.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта мектептердегі басқару принциптері өзгеріп жатыр. Оның пікірінше, мектеп директорлығы өмір бойы атқаратын қызмет болмауы тиіс.
«Біріншіден, мектеп директорлығы ол сол позицияда зейнетке кеткенге дейін болады деген дүние емес. Заман өзгерді. Басқару принциптері өзгерді. Мектеп директорлығына ұмтылғысы келетін өте жақсы сауатты, білікті, шығармашыл ұстаздарымыз бар. Біз осы талантты ұстаздарымыздың арасынан мықты менеджер шығаратындай жүйе қалыптастыруымыз қажет. Директорлық – ешкімнің өмір бақи отыратын қызмет орны емес», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр алдағы уақытта мектеп директорларының бір лауазымда ұзақ уақыт отыруына шектеу қою туралы бұйрық талқыланып жатқанын айтты.
Ұсынысқа сәйкес:
- Қала мектептері үшін – «+2” форматы
- Ауыл мектептері үшін – “3+3” форматы
Яғни:
- Қала мектептерінде директор 2 жыл қызмет етеді.
- Егер жұмысы жақсы бағаланса, тағы 2 жылға қайта тағайындалуы мүмкін.
- Осылайша, бір мектепте директор ең көбі 4 жыл ғана қызмет атқара алады.
Ал ауыл мектептерінде:
- Директор 3 жыл жұмыс істейді.
- Жұмысы оң бағаланса, тағы 3 жылға қалады.
- Яғни бір мектепте ең көбі 6 жыл директор бола алады.
Қазіргі уақытта бұл мәселе арнайы жұмыс тобы аясында қарастырылып жатыр. Нақты шешім келесі оқу жылы басталғанға дейін қабылдануы мүмкін.
