Атырау облысында із-түссіз жоғалған отбасының мүшелері – Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның мәйіттері табылды деген ақпарат тарады.
Бұл туралы аталған істі зерттеп жүрген журналистердің бірі Жанат Жақсыбайқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, мәйіттер күдікті жалдап тұрған үйдің маңынан табылған болуы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Журналистің сөзінше, аталған үй Атырау қаласының Мұнайшы шағын ауданында орналасқан. Бұған дейін бұл аумақта жедел тергеу тобы арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп, жер қазып іздестіру шараларын өткізген. Іздеу барысында георадар да қолданылған.
«Бұл жерге 8 қаңтар күні келгенбіз. Арнайы жедел топ үйдің айналасын түгелдей қазып, іздеу жұмыстарын жүргізген еді. Тіпті мәйіт іздеуге арналған георадар қолданылғанын көрдік. Бірақ мәйіттердің дәл осы жерден табылғаны туралы ақпарат әзірге бейресми. Нақты мәліметті ертең Полиция департаментінен білеміз», – деп жазды журналист.
Бұған дейін Сұлтан Сәрсемалиев пен оның әйелі Ақбаян Алматыға жеткізілгені белгілі болды. Тергеу барысында Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, олардың денелерін бұрын өзі тұрған Геолог шағын ауданындағы үйдің ауласына көмгенін айтқан.
Осы ақпараттан кейін Атыраудағы тергеушілер көрсетілген аумақты қайта тексеріп, екі адамның мәйітін тапқан.
Мәйіттер табылған ауладағы үйде күдікті Сұлтан Сәрсемалиев әйелімен бірге тұрған.
Осылайша, бұрын жоғалып кеткен отбасының барлық мүшелері табылып отыр. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жалғасуда.
Айта кетейік, іздестіру жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айынан бері жүргізіліп келген. Оған полиция қызметкерлері мен Ұлттық гвардия сарбаздары тартылып, арнайы жылжымалы штаб құрылған.
Ал бұған дейін Жангелдин ауылындағы сарайдан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері табылған болатын.
Еске салайық, 2025 жылдың күзінде Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалған еді. Кейін олардың екеуінің денесі табылып, ал балалары – Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев іздеуде болған.
Бұл іс бойынша отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті ретінде іздеуге жарияланған. Кейін ол әйелі Ақбаянмен бірге Индонезияның Ломбок аралында ұсталып, Қазақстанға жеткізілген.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
