«Қазгидромет» 11, 12 және 13 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялады. Алдағы үш күнде еліміздің әр өңірінде ауа райы әртүрлі болады. Кей жерлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, жел күшеюі мүмкін. Ал оңтүстікте аптап ыстық сақталып, ауа температурасы +44°С-қа дейін көтеріледі.
Қай өңірлерде жаңбыр жауады?
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің бірқатар аймағында найзағайлы жаңбыр жауады. Жекелеген өңірлерде бұршақ түсіп, желдің екпіні күшеюі ықтимал.
11 тамызда Қазақстанның солтүстік өңірлерінде және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қатты жаңбыр жауады деп болжанып отыр.
Ал орталық және оңтүстік өңірлерде жауын-шашынсыз ауа райы басым болады. Түнгі және таңғы уақытта елдің солтүстік-батысы, солтүстігі мен шығысының кей жерлерінде тұман түсуі мүмкін.
Оңтүстікте +44°С-қа дейін ыстық болады
Алдағы күндері еліміз бойынша ауа температурасы айтарлықтай құбылады.
Батыс және орталық өңірлерде күндіз ауа температурасы +27…+39°С аралығында болады. Солтүстік-батыс пен солтүстікте +25…+35°С-қа дейін жылынады.
Шығыс және оңтүстік-шығыс облыстарда ауа температурасы +30…+42°С аралығында сақталады.
Ең жоғары температура оңтүстік өңірлерде күтіледі. Мұнда күндіз ауа +44°С-қа дейін ысуы мүмкін.
