Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

Қазақстанда жүргізушісіз көліктер қала жолдарында сыналады

Фото: pixabay.com

Қазақстанда жүргізушісіз көліктерді жалпы қолданыстағы жолдарда сынақтан өткізуге рұқсат берілмек. Үш жылға жоспарланған эксперимент аясында жасанды интеллект арқылы басқарылатын көліктер Астана, Алматы және Қосшы қалаларының көшелеріне шығады.

Жобаны іске қосу туралы бірлескен бұйрыққа Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Көлік министрлігінің басшылары қол қойған.

Көліктер арнайы бағыттармен жүреді

Жүргізушісіз көліктер қала ішінде алдын ала бекітілген бағыттар бойынша ғана қозғалады. Компаниялардың экспериментке қатысуы ерікті болғанымен, олар Цифрлық даму министрлігінің арнайы іріктеуінен өтуі тиіс.

Көлік толығымен жасанды интеллектінің бақылауына берілмейді. Оның қозғалысын нақты уақыт режимінде қашықтан жұмыс істейтін оператор қадағалап отырады.

60 млн теңгелік сақтандыру қажет

Экспериментке қатысатын әрбір жүргізушісіз көліктің кемінде 60 млн теңге көлеміндегі сақтандыру полисі болуы тиіс. Бұл қаражат жол-көлік оқиғасы кезінде адамның өміріне, денсаулығына немесе өзгенің мүлкіне келтірілген зиянды өтеуге арналған.

Сондай-ақ жүргізушісіз көлік жол апатына ұшыраған жағдайда компания өкілі оқиға орнына 30 минут ішінде жетуге міндетті. Ол полицияға көлік камераларындағы соқтығысқа дейінгі және одан кейінгі үздіксіз бейнежазбаларды ұсынуы керек.

Әзірге жүргізушісіз көліктерді Қазақстан жолдарына жаппай шығару жоспарланып отырған жоқ. Үш жылдық эксперименттің негізгі мақсаты – елдің жол инфрақұрылымы мен қозғалыс жүйесінің жасанды интеллект арқылы басқарылатын көліктерге қаншалықты дайын екенін тәжірибе жүзінде анықтау.

Сәйкес жаңалықтар

Елордада жүкті әйелге сирек жатырішілік ота жасалды

bairakkz

ЕКІ ЖЕҢІС, БІР ЖЕҢІЛІС

bairakkz

Астанада LRT-ның депосы салына бастады

bairakkz