Атырау облысында ата-енесі мен әйелінің туыстарын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл ақпаратты облыс прокуратурасы растады.
Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, яғни екі және одан да көп адамды өлтіру дерегі бойынша айып тағылған. Сонымен қатар оған мал сату және банк карталарын жымқыру деректері бойынша ҚК-нің 188 және 190-баптары аясында іс қозғалған.
Қазіргі уақытта Сұлтан Сәрсемалиев қамауда отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, іс осы айда сотқа жолданады.
Тергеу және сот-медициналық сараптама нәтижесінде Наурыз Мұқанғалиевтің 2025 жылдың мамыр айында, ал қалған үш адамның қараша айында қайтыс болғаны анықталған. Сараптама Сәрсемалиевті есі дұрыс деп таныды.
Еске салайық, Жангелдин ауылында тұратын отбасының бірнеше мүшесі белгісіз жағдайда жоғалып кеткеннен кейін қылмыс көпшілікке мәлім болды. Кейін ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның денесі өз үйінің аумағындағы сарайдан табылды. Тағы екі адамның сүйегі күдіктінің жалдап тұрған үйінің маңынан анықталған.
Ақпан айының соңында күдіктілер Индонезияның Ломбок аралында ұсталып, кейін Атырауға жеткізілді.
