Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжі – өңірдің білім беру кеңістігінде педагог мамандарын даярлауда өзіндік орны бар жетекші оқу орындарының бірі. Білім сапасын арттыру, еңбек нарығына бейімделген жаңа форматтағы мұғалім дайындау, цифрлық және инновациялық технологияларды енгізу – колледж жұмысының басты межесі. Болашақ педагогтың кәсіби құзыреттілігі мен тұлғалық дамуына басымдық беретін оқу орны бүгінгі заман талабына қалай жауап беріп отыр? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде біз колледж директоры Бақтыгүл Сүйінбайқызымен әңгімелескен едік.
– Бақтыгүл Сүйінбайқызы, алдымен оқу ордасының бүгінгі жалпы бағыты туралы айтып өтсеңіз.
– Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжі – өңірдегі педагог кадрлар даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі. Көп жылдан бері біз білікті, бәсекеге қабілетті мұғалімдер дайындау миссиясын адал атқарып келеміз. Колледждің стратегиялық мақсаты – білім беру қызметінің сапасын арттыру, еңбек нарығының сұранысына толық жауап беру, тұлғаның жан-жақты дамуын қамтамасыз ету, цифрлық және басқарушылық бағыттарды күшейту және инновациялық жаңашылдықтарға ден қою.
– Білім беру сапасын арттыруда қандай басымдықтар айқындалған?
– Біздің бірінші негізгі бағыт – білім беру қызметінің сапасын тұрақты өсіру. Ол үшін инновациялық технологияларды енгізу, оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық базаны жаңарту үнемі назарда. Студентке бағытталған оқыту тәсілін ұстанамыз. Бүгінгі педагог теорияны күнделікті өмірде қолдана алатын практик маман болуы тиіс, осы талапқа сай бағдарламаларды қайта қарап, жаңғыртып отырамыз.
– Колледжде оқыту үдерісіне қандай жаңашылдықтар енгізіліп жатыр? Жаңа жобалар туралы да айтып өтсеңіз.
– Қазіргі таңда оқытудың заманауи әдістері кеңінен қолданылуда.
Геймификация, жобалық оқыту, интерактивті әдістер – студенттің белсенділігін арттырып, сыни ойлауын, коммуникативтік қабілетін дамытатын тиімді тәсілдер.
Цифрлық технологиялар – жаңа дәуірдің талабы. Біз LMS платформаларын белсенді қолданамыз: Moodle, Canvas тәрізді жүйелер оқыту материалдарын тарату, кері байланыс алу және бағалауды автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, оқу үрдісіне VR/AR технологияларын енгіздік. Бұл студенттердің тәжірибелік сабақтарда күрделі ұғымдарды шынайы модельдер арқылы игеруіне жағдай жасайды.
Ал жасанды интеллект негізіндегі құралдар оқытушыларға сабақ жоспарын дайындауды жеңілдетіп, студентке жеке оқу траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Студенттердің кәсіби және шығармашылық қабілетін дамытуға арналған жаңа жобалар бар ма?
– Әрине, бірнеше ірі бастама жүзеге асып жатыр.
«Мейірім мектебі» – ерекше оқытуды қажет ететін балаларға педагогикалық қолдау көрсетуді үйрететін жоба. Студенттер педагог-ассистент ретінде жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Қазір жоба Ақтау қаласындағы №8 мектеппен бірге іске асырылып жатыр.
«СӨЙЛЕУ+» логопедиялық тәжірибелік зертханасы – сөйлеу бұзылыстарын түзету бағытында ашылған арнайы кабинет. Мұнда студенттер логопед мамандығының нақты әдістемелерін меңгереді.
ToonTech: Технология мен қиялдың тоғысы – студенттер жасанды интеллект көмегімен мектепке дейінгі балаларға арналған танымдық мультфильмдер жасайды. Бұл олардың шығармашылық және IT дағдыларын дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Бұл жобалардың барлығы мектептермен, балабақшалармен байланысты күшейтіп, студенттердің практикасын жаңа деңгейге шығарады.
– Қазіргі педагог қандай болуы керек? Кадр даярлау барысында қандай талаптарды басшылыққа аласыздар?
– Бүгінгі мұғалім – цифрлық сауатты, инклюзивті ортаны меңгерген, көптілді, жобалай алатын, зерттеу жүргізе алатын маман.
Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес біз құзыреттілікке бағытталған оқытуды дамытамыз. Дуальды білім беру, тәжірибеге бағытталған сабақтар – негізгі басымдықтар.
Студенттер мектептер мен балабақшаларда практикадан өтеді, Lesson Study, Microteaching секілді әдістерді меңгереді.
Инклюзивті білім беру де басты бағыттарымыздың бірі. Болашақ педагог ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен қалай жұмыс істеу керегін жетік білуі тиіс.
Сонымен бірге, көптілділікке мән береміз: қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сабақ бере алатын мұғалім – бүгінгі күннің сұранысы.
– Колледждің серіктестік ортасы кеңейіп жатыр деп естиміз. Қандай ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейсіздер?
– Иә, биылдың өзінде біз балабақша, мектеп, республикалық колледждер, жоғары оқу орындары, арнайы оқу орталықтары және халықаралық ұйымдармен бірқатар маңызды меморандумдарға қол қойдық. Сонымен қатар, Түркияның білім ұйымдарымен әріптестік орнатып, тәжірибе алмасу жұмыстарын жүзеге асырып жатырмыз.
Бұл серіктестіктің мақсаты: білім беру бағдарламаларын үйлестіру;
студенттердің нақты білім беру ұйымдарында тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беру; әлемдік педагогикалық тәжірибелерді енгізу; оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру; түлектердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту.
– Алдағы жылдары колледж қандай бағыттарға басымдық бермек?
– Білім беру мазмұнын жаңарта түсуге мән береміз. Еңбек нарығымен тікелей сәйкестендірілген бағдарламалар дайындау – басты міндет. Цифрландыруды тереңдетіп, оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыру арқылы білім сапасын жаңа деңгейге шығаруға күш саламыз. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуымыз керек. Біз Маңғыстау өңірінің мектептері мен білім басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істейміз.
Тағы бір маңызды бағыт: тұлғаның құндылықтық дамуына басымдық беру керек. Патриоттық, азаматтық, мәдени құндылықтарды дәріптеген педагог – қоғам тірегі. Одан кейін, әрине, халықаралық серіктестікті де назардан тыс қалдырмаймыз. Әлемдік тәжірибені игеру – бәсекеге қабілетті маман дайындаудың кепілі.
– Әңгімеңізге рахмет!

