Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жаңа оқу жылына қатысты кеңес берді

Фото: Freepik.com

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жаңа оқу жылы басталар алдында оқушылардың күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруға қатысты ата-аналарға бірқатар ұсыныстар жасады, деп хабарлайды bairak.kz.

Ведомство мәліметінше, дұрыс құрастырылған күн тәртібі пайдалы әдеттердің қалыптасуына ықпал етеді, жүйке жүйесін нығайтады және шаршауды азайтады. Күн тәртібінің негізгі бөліктері мыналар болуы тиіс:

  • оқу сабақтары мен үй тапсырмаларын орындау;

  • белсенді ойындар және міндетті түрде таза ауада серуендеу;

  • тұрақты әрі теңгерімді тамақтану;

  • жас ерекшелігіне сай толыққанды ұйқы;

  • қызығушылыққа байланысты бос уақыт.

Министрлік үй тапсырмасына жұмсалатын уақыт бойынша да ұсыныс жасады: бастауыш сынып оқушыларына (1–2 сынып) 1,5–2 сағаттан артық емес, 3–4 сыныптарға – 2 сағатқа дейін, ал жоғары сынып оқушыларына күніне 3–4 сағатқа дейін рұқсат етіледі. Міндетті түрде әр 40 минут сайын үзіліс жасау қажет.

Күніне кем дегенде екі сағаттық физикалық белсенділік (таңғы жаттығу және таза ауадағы қозғалмалы ойындар) қарастырылуы тиіс.

Тамақтану режимі – күніне 4–5 рет, аралығы 3,5–4 сағаттан аспауы керек. Сондай-ақ күн сайын кемінде 1–2 сағат бос уақыт бөліп, балаға шығармашылықпен айналысуға, достарымен араласуға мүмкіндік берген жөн.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сәйкес, 5–17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер күніне кемінде 60 минут орташа немесе жоғары қарқынмен қимыл-қозғалыс жасауы қажет. Сонымен қатар, отырықшы өмір салтын шектеу және экран алдындағы уақытты күніне 2 сағаттан асырмау керек.

Ведомство атап өткендей, заманауи балалар уақыттарының көп бөлігін телефон, планшет, компьютер және теледидар алдында өткізеді. Гаджеттердің шамадан тыс қолданылуы ұйқының бұзылуына, зейіннің төмендеуіне және жалпы денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар тек экран уақытының мөлшеріне емес, сонымен қатар сапасына да назар аударуы тиіс.

Негізгі ұсыныстар:

  • ұйықтар алдында 1 сағат бұрын гаджеттерді пайдалануды тоқтату;

  • сапалы әрі танымдық контентті таңдауға мән беру;

  • ұйықтайтын бөлмеде электронды құрылғыларды ұстамау;

  • отбасы үшін «цифрлық ережелерді» енгізу және ата-аналардың жеке үлгі көрсетуі;

  • уақыт шектеу үшін арнайы қосымшалар мен «ата-ана бақылауы» құралдарын қолдану.

Сәйкес жаңалықтар

Тәуелсіз еліміз өркениетті, озық ел ретінде дами береді – Тоқаев

bairakkz

Көйлектерімді өртеп жіберемін – Мәдина Сәдуақасова

bairakkz

Астанада биыл студенттерге арналған 8 жатақхана ашылады

bairakkz