Қазақстанда жалпы білім беретін мектеп директорларының қызмет мерзімін шектеу және ротация жүйесін енгізу ұсынылды. Бұл бастаманы Жұлдыз Сүлейменова көтеріп отыр. Оның айтуынша, ұсыныс қазір кеңінен талқыланып, министрлікте аналитикалық әрі сараптамалық зерттеу тақырыбына айналған.
Министрдің сөзінше, бұрын мектеп директорларын тағайындаудың мынадай үлгісі ұсынылған: директор алғашында екі оқу жылына тағайындалады, ал жұмысының нәтижесі жақсы болған жағдайда өкілеттігі тағы екі жылға ұзартылуы мүмкін. Осылайша, бір мектепте директор ең көбі төрт оқу жылы ғана қызмет атқарады.
«Кез келген директор 2 оқу жылына тағайындалып, егер жақсы нәтиже көрсетсе, тағы екі жылға ұзартылуы тиіс. Яғни, бір мектепте 4 жылдан артық отырмауы қажет деген ұсыныс айтқанмын», – деді министр.
Мектептер мен директорлар туралы деректер
Министрлік мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 8 848 мектеп бар. Оның 5 233-і ауылдық, 2 815-і қалалық жерде орналасқан.
2026 жылғы 24 қаңтардағы жағдай бойынша 7 238 мектеп директоры жұмыс істейді. Оның ішінде 810 адам (10%) – директор міндетін уақытша атқарушылар.
Министр бұл көрсеткіштің алаңдатарлық екенін атап өтті. Уақытша басшылардың ең жоғары үлесі:
-
Батыс Қазақстан облысында – 15,6%
-
Солтүстік Қазақстан облысында – 13%
-
Шығыс Қазақстан облысында – 12%
Гендерлік және білім деңгейі
Мектеп директорларының 62%-ы – әйелдер, 38%-ы – ерлер. Орташа жас – 48,5 жас.
Директорлардың басым бөлігінде магистр дәрежесі бар. Ең жоғары көрсеткіш:
-
Астана қаласында – 43%
-
Алматыда – 32%
-
Шымкентте – 27,5%
«Менің ойымша, бұл – өте жақсы көрсеткіш», – деді министр.
20 жылдан астам отырған директорлар бар
Қазақстандағы мектеп директорларының орташа еңбек өтілі – 26 жыл.
Ал 20 жылдан астам директорлық қызмет атқарып келе жатқан 129 басшы анықталған. Олар негізінен Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Абай және Жетісу облыстарында жұмыс істейді.
Сүлейменованың айтуынша, бұл санаттағы басшыларға да ротация қолдану қажет.
«20 жыл бойы директор болған адамды қайтадан мұғалімдікке түсірейін деп жатқан жоқпыз. Егер жақсы нәтиже көрсетсе, басқа мектепке барып, оны да дамытсын», – деді ол.
Нақты шешім әлі қабылданбаған
Министр бұл мәселе әлі толық зерделеніп жатқанын атап өтті. Алайда басқарушы кадрларды ауыстыру арқылы мектептердің дамуына серпін беруді көздейтінін жасырмады.
«Бір мектепте жақсы нәтиже көрсін, кейін басқа мектепті де көтерсін деген ұсыныстарды қарастырып жатырмыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
