Бурабай ауданы прокуратурасы Бурабай кентіндегі С. Сейфуллин атындағы орта мектепте оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру барысында өрескел заң бұзушылықтар анықталғанын хабарлады.
Тексеру барысында мектеп асханасына қызмет көрсету бойынша конкурс жеңімпазы атанған жеткізушінің өз біліктілігі туралы жалған мәліметтер ұсынғаны белгілі болды. Атап айтқанда, конкурс құжаттарында көрсетілген аспаздар, даяшылар және басқа да қызметкерлер іс жүзінде жұмыс істемеген.
Сонымен қатар, конкурс жеңіп алынғаннан кейін жеткізуші мектептегі тамақтандыру қызметін өзі көрсетпей, тиісті өкілеттіктері мен рұқсат құжаттары жоқ үшінші тұлғаға заңсыз түрде тапсырған.
Прокуратура мәліметінше, аталған тұлға жұмысқа алкогольді шамадан тыс тұтынатын, сондай-ақ осы себептермен бұрын ата-аналық құқықтарынан айырылған адамдарды тартқан. Бұл жағдай кәмелетке толмаған балалардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.
Мектеп әкімшілігі жеткізушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін тиісті деңгейде тексермей, оны оқушыларды тамақтандыруға заңсыз жол берген.
Тексеру нәтижесінде прокуратураның ұсынуы бойынша жеткізушімен жасалған шарт бұзылып, оны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талап арыз берілді. Мектеп директоры атқарып отырған қызметінен босатылды. Сондай-ақ конкурс комиссиясының мүшелері мен аудандық білім бөлімінің бір қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ақпаратты Бурабай ауданының прокуратурасы растады.
