Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында қылмыстық істерді тергеу кезінде заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесін жариялады.
Тергеу департаментінің бастығы Самат Айсовтың айтуынша, құқық бұзушылықтардың алдын алудағы негізгі құралдардың бірі – мемлекеттік органдарға ұсыныс енгізу тетігі. Жыл басынан бері полиция 45 мыңға жуық ұсыныс жолдаған.
Оларды қарау нәтижесінде әлеуметтік ахуалы күрделі аудандарда, сауда орындары мен ойын-сауық мекемелерінде екі мыңға жуық қосымша бейнебақылау камерасы орнатылды.
Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары жиі болатын 155 учаскеде жарықтандыру жүйелері жаңартылып, бағдаршамдар, жол белгілері мен жол таңбалары орнатылды. Бұдан бөлек, 56 нысанда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, күзет жүйелері жаңғыртылды, ал білім беру ұйымдарында 60-тан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Сонымен бірге қайта қылмыс жасаған сегіз шартты түрде сотталған азаматтың шартты жазасы жойылып, олар бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді.
Заңсыз қызметпен айналысқан төрт субъектінің жұмысы тоқтатылды, 15 кафе мен түнгі клубтың жұмыс уақытына шектеу қойылды. Соның ішінде биылғы қаңтарда Павлодар қаласындағы лаундж-барлардың бірінде болған бұзақылық дерегі бойынша жүргізілген тергеу нәтижесінде аталған мекеменің қызметі уақытша тоқтатылды, – деді Самат Айсов.
Тергеу қорытындысы бойынша қылмыстың жасалуына жол берген әрекетсіздігі үшін екі мыңнан астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар енгізілген ұсыныстарды қарау бойынша тиісті шаралар қабылдамағаны үшін 500-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
