Жамбыл облысында келін қайын енесіне білдіртпей оның атына несие рәсімдегені үшін сотталды.
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылғы қараша айында сотталушы өз атына несие ала алмаған соң, бөгде адамның көмегімен енесінің атынан несие рәсімдеуге әрекет жасаған. Ол қайын енесінің телефонын пайдаланып, растау кодтарын енгізіп, сондай-ақ онлайн бет-әлпетті сәйкестендіру рәсімінен алдап өткен.
Нәтижесінде әйел 1,5 миллион теңге көлемінде несие алып, қаражаттың басым бөлігін жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Ал жәбірленуші бұл туралы тек ай сайынғы төлемдер жөніндегі хабарламалар келгенде ғана білген.
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Прокурор оны бір жылға бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, сот жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Атап айтқанда, кінәні мойындауы, өкінуі және жас балаларының болуы назарға алынды.
Осыған байланысты сот оған бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сондай-ақ сот жәбірленушінің 1,5 миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап арызын толық қанағаттандырды.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігіне сәйкес, алаяқтық үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
